Басты Жаңалықтар Шымкентте еріктілер 1200 шақырым жолды тазартады

Шымкентте еріктілер 1200 шақырым жолды тазартады

Алматы облысынан басталған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы Шымкентке жетті. Еріктілер 800 шақырым жолды жүріп өтіп, 90 тоннаға жуық қоқыс жинады. Үшінші мегаполисте белсенділер экоактивити мен спорттық шараға қатысып, енді Қызылорда облысына қарай жолға шығады.

30 қыркүйек күні бастау алған экологиялық эстафета аясында екі мыңға жуық белсенді Алматыдан Қызылорда облысына дейінгі аралықты күл-қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды сұрыптауға жөнелтуде. Игі бастаманы Тараз қаласының еріктілері қабылдап, эстафетаны Шымкентке жеткізді. Енді оңтүстік жастары бұл істі жалғастырып, мәресіне жеткізбек.

Нұрбол Серікбай, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі:

Қоқыстардың барлығын сұрыптап жатырмыз. Арнайы түрлі-түсті қапшықтарымыз бар: шыны, қағаз, пластик деп бөлінген. Жиналған қоқысты «ҚазАвтожолдың» көліктеріне тиеп, қоқыс полигонына жөнелтеміз.

Дияс Талғатұлы – Өскеменнен келген кәсіпкер. Шығыс Қазақстанда дәмханалар желісін басқарады. Экоэстафета туралы естіген соң, жұмысын көмекшілеріне тапсырып, бірден Алматыға келген. Ол соңғы үш күнде 800 шақырым жерді қоқыстан тазартып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосып жүр. Жолда қиындықтар болғанымен, Дияс бастаған істі аяқсыз қалдырмаймын дейді.

Дияс Талғатұлы, экобелсенді:

Ауа райы қиындық тудырды. Жамбыл облысында қар болды. Соған қарамастан жастармен бірігіп, жол бойын тазаладық. Техника жағынан «ҚазАвтожол» көмектесті.

Тынығып алған белсенділер Шымкенттік еріктілермен бірге дендрологиялық саябақта «чемпиондық рух» жобасы аясында таңғы жаттығу жасады. Бұл спорттық шараға елге белгілі спортшылар мен  әлем чемпиондары қатысты. Олар жастарға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.

Бекзат Төлебай, «Жастар рухы» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы:

Теріс әрекеттерден, есірткі тасымалынан немесе есірткі тұтынудың алдын алу мақсатында осындай спорттық шараларымыз көптеп ұйымдастырамыз. Ең осы маңыздысы чемпиондық рух жобасы. Спорт майталмандары, біздің чемпиондарымыз қазір бізді қолдап отыр. Осы шарамыздан кейін ары қарай Түркістан облысының аумағына роад эстафетамызды жалғастыратын боламыз.

Күре жол бойындағы белсенділердің қауіпсіздігі басты назарда. Жол бойы оларды жергілікті тәртіп сақшылары сүйемелдеп жүр. Жеті күнге созылатын экоэстафета 6 қазан күні Қызылорда қаласында қорытындыланады. Айта кетейік, бұған дейін де осындай шара өткен. Ол кезде белсенділер Астанадан Алматыға дейінгі аумақты тазалаған.


Бөлісу