Басты Жаңалықтар Ақтауда «Келешек мектептері» жобасы аясында 10-мектеп ашылды

Ақтауда «Келешек мектептері» жобасы аясында 10-мектеп ашылды

Ақтауда «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында оныншы мектеп ашылды. 1500 орынға арналған білім беру ұйымы оқушыларға жайлы, заманауи талапқа сай салынған. Жаңа мектеп жаңа технологияларды меңгерген жас мамандармен толығып жатыр.
Жас мамандардың бірі - Феруза Нұрсейітова сабағын тек интерактивті тақтаның көмегімен өткізеді. Жаңа тақырыпты жәй кітаптан оқытып қана қоймай, оны сурет арқылы түсіндіріп, аудио жазба, мәтін жазбаларын тыңдату арқылы оқушыларды қызықтырады.
Феруза Нұрсейітова, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Әдебиет сабағында «комикстің» алар орны ерекше. Комиксте ертегіні, шығарманы оқытпаймыз, біз оны көрсетеміз. Бұл жерде бүгінгі тақырыбымызға сай «Аяз би» ертегісі. Жаманды, Меңдіханның қызын барлығын осы комикстің ішіне салып, көрсетіп отырмыз. Бұл біріншіден балаларға қызықты, екіншіден есте сақтау қабілетін дамытады. Осының арқасында біз оқушылардың зейінін ашудамыз.
Аягөз Оралбайқызы тілші:
«Келешек мектептері» жобасымен салынған мектептердің ерекшелігі-дәліздері екі есе кең. Ал пән кабинеттері соңғы технологиялармен жабдықталған. Мысалы, мұнда бес бірдей цифрлық сауатылық және информатика кабинеті бар. Ал мына еңбекке баулы кабинетінде оқушылар ас әзірлеу, киім тігу сияқты жұмысшы мамандықтарын меңгереді.
Мектепте бастауыш сыныптар жоғары сыныптардан бөлек оқып, басқа есіктен кіріп-шығады. Білім беру ұйымының аумағы үлкен, жүгіру алаңдары, балаларға арналған ойын алаңы да қарастырылған.
Альфия Кемаладин, 3-сынып оқушысы:
Мен сабаққа келуге асығамын. Сондықтан бірінші келіп аламын. Себебі, мына мектеп үлкен және кең, кабинеттерінің іші әдемі. Цифрлық сауаттылық кабинетін бірінші рет көріп тұрмыз. Біз бұрын-соңды бұндай кабинетке келіп көрген жоқпыз.
Сәния Сейілхан, 8-сынып оқушысы:
Иә, бұл мектепте барлық жағдай жасалған. Басқа мектептермен қарағанда білімі жоғары. Бізде 3-4 спорт залы бар.
Қазір мектепте 70-тен астам мұғалім жұмыс істейді. Басым бөлігі жастар. Білім беру ұйымы ұстаздар мен оқушыларға жайлы етіп салынған.
Рысжан Кемелханова, №34 мектептің директоры:
Барлық кабинетте лэд экран қойылған. Компьютерлермен жасақталған және де интернет тартылған. Яғни мұғалімдерге өзін-өзі дамытуға жасанды интеллект, яғни АКТ-ны қолдану арқылы сабақ беруге, дәріс беруге мүмкіндіктер өте жақсы қарастырылған.
Бұл - «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста ашылған оныншы мектеп. Аймақта тағы 3 білім беру ұйымының құрылысы жүріп жатыр.

Бөлісу