Талдықорғандықтар қала күнін атап өтті
Талдықорғандықтар бүгін қала күнін атап өтті. Облыс болып бөлінген кейінгі үш жылда Жетісудың орталығы өркендеп, тұрғындардың саны да 200 мыңнан асты. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, инвестиция және тұрғын үй салаларындағы өсімнің нәтижесінде қалалық бюджет көлемі 74,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артқан.
Қала қазынасының өскені қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін зор мүмкіндік. Жыл сайын жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, олардың инфрақұрылымы дамуда. Ал мереке қарсаңында "Құлагер" шағын ауданында заманауи саябақ қолданысқа берілді.
Ернат Бәзіл, Талдықорған қаласының әкімі:
Біраз жобаларды бастап жатырмыз. Келесі жылға да жоспарымыз өте үлкен. Биылдың өзінде біз тек қана мемлекет тарапынан мыңнан астам пәтер салып бітіріп жылдың аяғына дейін өткіземіз деп отырмыз. Сондықтан талдықорғандықтарды бүгінгі қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл бізге 81 жыл толып отыр.
Қала күніне орай 30 іс шара өткізу жоспарланған. Бүгін жастар саябағында түрлі қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырылды. Сондай ақ жылдағы дәстүр бойынша облыс орталығының дамуына үлес қосқан үздік сала мамандары марапатталды. Солардың бірі 37 жыл ұстаздық еткен - Гүлнар Исембаева. Еңбек адамы «Үздік мұғалім» номинациясын иеленді.
Гүлнар Исембаева, «Үздік мұғалім» номинациясының жеңімпазы:
Қала тұрғыны болғаныма 30 жыл биыл. Сондықтан бүгінгі мейрамдарыңыз құтты болсын. Тек жақсылықты атап өтейік. Ал жастарға айтарым осы қаланы таза ұстауға шақырамын.
Талдықорғанда алдағы уақытта 1200 орындық жаңа, заманауи мектепті салу жоспарланған. Ал қазіргі таңда 4 шағын ауданға арналып жылу қазандығының құрылысы жүріп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
