Жазушы, журналист Мұхаметжан Етекбаев турасында «табиғатты жақсы көретін. Жан-дүниесі тазалықты қалап тұратын еді»,-дейді. Балалар тақырыбында қалам тербеуі де содан болар. Өзі төрт бала өсіріп, ұрпақтарының тәрбиелі азамат болуына ерекше көңіл бөліпті.
«Көбінесе, түнде жазатын. Бала кезімде әлі есімде түнгі сағат үшке дейін жазу жазып отыратын»,-деп еске алады жазушының ұлы Мұхтар Мұхаметжанұлы.
Мұхаметжан Етекбаев Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл аудандық газетінде бастаған. «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан пионері» газеттерінде, кейін Қазақ телевизиясында редактор болып, қызмет етті. Ал, 1960-шы жылдардың ортасында Жамбылдың республикалық әдеби-мемориалдық музейін басқарды.
«Жамбыл атамыздың тірі кезіндегі фотосуреттері, 1936 жылдардағы картиналар жинақталмай жүрген еді. Мұхамеджан ағамыз солардың барлығын жинастырып, ретке келтірді»,-дейді аудандық кітапхананың әдіскері Мазтай Ақылбекқызы.
Мұхаметжан Етекбаев 20-дан астам кітаптың авторы. Жазушының жылдың төрт маусымымен аталатын ертегілер топтамасы мен «Болатбек», «Жомарт жаз», «Суықтөбе» дастаны, «Қаражартас хикаясы» секілді көптеген еңбектері оқырманнан бағасын алған туындылар.
Балалармен қатар ересектерге де арнап қалам тербеген жазушы туралы толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.