Бүгін «Астана кештері» IV халықаралық өнер фестивалі басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Астана кештері» IV халықаралық өнер фестивалі басталады

04.06.2015
Бүгін «Астана кештері» IV халықаралық өнер фестивалі басталады

4-6 маусым күндері «Астана кештері» IV халықаралық өнер фестивалі өтеді. Фестиваль «Дегдар» ГҚ Қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен ұйымдастырылмақ.

Осыған орай ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің вокалдық өнер және хормен дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі Азамат Жылтыркөзов және фестивальді үйлестіруші, ұйымдастырушысы Нұргүл Сүлейменова  бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.

«Фестиваліміз осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бүгін басталатын кешті Дариға Назарбаеваның концертімен ашпақпыз. Кешті «Оперетта» деп атадық. Оған Сүндет Байғожин, Мейір Байнеш, Альфия Каримова, Андрей Тригубенко қатысады. Сондай-ақ, «Астана Опера» театрының оркестр,  балет, хоры да өнер көрсетеді.

Бағдарламада мюзиклдардан, оперетталардан үзінді көрсетеміз. Фестивальдің екінші күнін «Классикалық музыка кеші», деп атадық, ал, үшінші күні хореографиялық кеш болмақ»,-дейді фестиваль ұйымдастырушысы Нұргүл Сүлейменова.

Классикалық музыка кешіне тоқталған Азамат Жылтыркөзов: «Бұл фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Жалпы, шараның екінші күнінде өтетін концертке танымал классикалық орындаушылар сопрано Гүлзат Дәуірбаева, Арман Тілеубергенов, пианист Тимур Урманчиев қатысады. Романстар кеші болмақ. Қазақ және шетел композиторларының романстары орындалады»,-дейді.

Айта кету керек, 4-5 маусым «Астана Опера» театрында, ал, 6 маусым күні Бейбітшілік және Келісім сарайында өтетін  концертке келемін деушілерге есік ашық. Кіру – тегін.

Сұхбатты толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу