Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» атты трилогиясы жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» атты трилогиясы жарық көрді

13.05.2015
Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» атты трилогиясы жарық көрді

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240  жылдық мерейтойы қарсаңында жазушы-этнограф Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» атты трилогиясы жарық көрді.

«Бұл трилогияның дүниеге келуі оңай болған жоқ. 14 жасымнан бастап 23 жылдан астам істеген  қызметім колхоздың жұмысы еді.  Көп уақытым осыған кетті. Бірақ, мен Жанқожа Нұрмұхамедұлының бесінші ұрпақтарымен бір ауылда тұрдым.  

Ол кісілер анда-санда әкеммен әңгіме-дүкен құрып кететін. Сонда батырдың ерлігі туралы айтатын. Бірақ, Кеңес уақытында батырлар, билер жөніндегі әңгімеге  тыйым салынатын.  

Сондай-ақ, ұрпақтарының үйінде батырдың сауыты сақталған екен.  Сауытты көргеннен кейін балалық арман пайда болды. Тарихта неге мұндай батырлар көрінбеуі керек, деп ойлайтынмын. Батырдың батырлығы өз алдына, көріпкелдігі, шешендігі бар адам болған»,-дейді жазушы.

«Кітапқа 57 жыл арнадым. Жанқожа батырдың бала кезінен бастап, 86 жасында қайтыс болғанға дейінгі ғұмыры қамтылған. Мұнда батыр туралы ел аузындағы әңгімелердің мұрағат құжаттарымен сәйкес келетіндері ғана кірді. Кезінде Мұхамеджан Тынышбаев: «Жанқожа батыр – қазақта көзі тірісінде үш жүздің биі, әрі әулиесі атанған адам», деп жазады. Осындай деректер бар»,-дейді Әбдісаттар Оспанов.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу