2013 жылдың 1 қазанынан бастап экранға шыққан «Көк тарландары» телехикаясы көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Ал, осы жылдың 29 сәуірінен бастап, жаңа маусымның алғашқы бөлімі көрерменге жол тартты.
Телехикая сюжеті Қазақстан әскері қатарындағы әуе десанттарының жауынгерлік өмірі негізінде өрбиді. Отан үшін жанқиярлық іске басын тігетін ел перзенттерінің күш-жігері мен өр руһына негізделген кинотуынды тәрбиелік сипатқа толы.
Бүгін осы телехикаяда басты рөлдердің бірін сомдаған актер, әнші Жалын Тілеуберген «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Алғашқыда кастингке барған кезде режиссерлер маған туындының мақсаты - жастардың әскерге бару құлшынысы төмендеп кетуіне байланысты, осындай телехикая түсірілетінін айтты. Себебі, шынымен де жастардың дені оқу, жұмыс деп жүріп, түбі әскерге бармай қалады.
Кейін телехикая түсіріліп, эфирге шыққан соң, әскери бөлімде қызмет ететін бір ағамыз, қазіргі жастардың әскерге барғысы келетінін, көк тарландары болғысы келетінін айтты. Осыны естігенде біздің аз ғана еңбегіміз осынша әсер еткені мені қатты қуантты»,-дейді Жалын Тілеуберген.
«Телехикаяға түсу барысында мен 4 ай әскер қатарында жүргендей болдым. Екі маусымның түсірілімі 4 айға созылды. Өзім әскерге бармасам да, әскери өмірдің қыр-сырына біраз қанықтым. Басында қиын болып көрінгенімен, уақыт өте үйренесің, кейін белгілі бір тәртіпке бағыну, бірдей киіну деген ұнай бастайды»,-дейді актер.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.