II Дүниежүзілік соғыста қазақтың сайын даласынан түлеп ұшқан қыран Талғат Бигелдинов көкке темір тегеурінді әскери ұшақты 305 рет көтерген екен.
«Біздің мақсатымыз – дұшпанды өлтіру. Дұшпанды жоқ қылу, фашизмді жоқ қылу. Патриотизм деген болды жүрегімізде. Бір кісідей жұмылдық, біреуміз бәріміз үшін, бәріміз біреуміз үшін, деп. Сен қазақ, сен еврей демедік, бізде бәрі тең», дейді ол бір сұхбатында.
Зеңгір көкте өткізген 500 сағаты қазақтың жаужүрек баласының даңқын бүкіл әлемге паш етті. «Ұшқыш болсам деген өрекпіген көңілмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды үйрендім», дейді Т.Бигелдинов.
1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға жіберіледі. Әскери оқуды тәмамдаған күннен бастап «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады.
1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалаларда әуежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосты. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарды.
Т.Бигелдинов «305 рейдов» (1966, Фрунзе), «ИЛ-ы атакуют» (1966, Алматы), «Аспандағы айқас» (1967, Алматы) атты жорық жолдарын баяндайтын естеліктердің авторы.
Кеңес одағының екі мәрте батыры туралы толығырақ бүгін 13:45-те «Жарқын бейне» хабарынан көріңіз.