Мұхтар Әуезов театрына жаңа басшы тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұхтар Әуезов театрына жаңа басшы тағайындалды

27.04.2015
Мұхтар Әуезов театрына жаңа басшы тағайындалды

Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметіне Ерлан Біләл тағайындалды. Жаңа басшыны театр ұжымына  Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров таныстырды.

Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында бір маусым көркемдік жетекші қызметін атқарған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, білікті ұстаз Ерлан Біләл  алғашқы қадамын «Әкемтеатрда» бастаған.

Осы театрда қанаттанған ол Абай, Балуан Шолақ, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Шәмші, Ұзақ батыр, Құнанбай, Отелло, Кебек сынды тарихи тұлғалардың бейнесін сахналап, көрерменнің шын ықыласына бөленген талантты актер.

Біздің анықтама:

Біләл Ерлан Әбділдаұлы – 1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дүниеге келген.

1993 жылы Қазақ Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. Осы жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданған.

Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің  бірнеше мәрте жүлдегері. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері (2009), ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты (2002). Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының аға оқытушысы.

Сахнадағы негізгі рөлдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Абайында»  Керім, «Қарагөзінде» Сырым (реж. Ә.Мәмбетов), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Ж.Хаджиев), «Айман-Шолпанында» Әлібек (реж.Е.Обаев), «Абайында» Абай (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Ұзақ батыр (сахналық нұсқасы.Н.Оразалин, реж.Ә.Рахимов),  Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ (реж.Е.Обаев),  Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қарияның ұлы (реж.Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмші (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), «Қыз мұңында» Генерал (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» Қозы («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», реж.Қ.Сүгірбеков), Д.Амантайдың «Сәлеметсің бе, қоңыр мұңында!» Қаранар,  Б.Мұқайдың «Өмірзаясында»  Жас жігіт (реж. Қ.Сүгірбеков), Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ыбырай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Сұлтанмахмұт (реж.Б.Атабаев), Ә.Таразидің  «Ақын… Періште…Махаббатында…» Ақын (реж. Ә.Рахимов),  М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Темір, Қ.Ысқақ, Шахимарденнің «Қазақтарында» Мұхаммед Шайбани (реж. Т.Әл-Тарази), Иран- Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде Құнанбай (реж.О.Кенебаев), т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Грумио (реж.Ә.Мәмбетов), К.Гоццидің  «Турандот ханшайымында» Калаф (режиссері Т.Әл-Тарази), Чеховтың «Шағаласында» Треплев (реж.Б.Атабаев), Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский («Пара», реж.Е.Обаев), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Ганефельд (реж.Р.Андриасян), Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Уәзір (реж. А.Әшімов), Ү.Гаджибековтің «Аршын мал алаңында» Әскер (реж. Т.Әл-Тарази), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева). т.б.

Кино рөлдері: 

«Біржан сал» Сал сері (реж. Д.Жолжақсынов), «Сіз кімсіз, К мырза?» Тіс дәрігері (реж. К.Ахметов), «Балалық шағымның аспаны» – Музыка пәнінің мұғалімі  (реж. Р. Әбдірашев) «Атажұрт» - Мектеп директоры (реж. С.Тәуекелов).

Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Әпке», «Сұңқар» телехикаяларына түскен.

Хабарламаларға жазылу