Ядролық қару мәселесіне қоғам назарын аудартуға бағытталған «Bike Away the Atomic Bomb» акциясы АТОМ және Global Wave 2015 қолдаушы қозғалысының ұйымдастыруымен 21 сәуірде Вашингтондағы Капитолий төбесінде «Ядролық қарумен қоштас» атты веложарысымен басталып, 24 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының алдында аяқталады. Бұл іс-шара Қазақстанның «АТОМ жобасы» бастамасымен «Мэрлер бейбітшілік үшін» және «Велосипедшілер бейбітшілік үшін» қозғалыстарының бірлескен жобасы.
«Велосипедшілер бейбітшілік үшін» қозғалысының негізін қалаушы және 1977 жылдан бастап әлемдік бейбітшілік пен ядролық қарусыздану қозғалысының белсендісі Топе Наэрланд; Норвегиядағы Фрогн қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының вице-президенті және Парламент мүшесі, ядролық қаруды таратпау және қарусыздануды насихаттаушы Топ Веспи; «Велосипедшілер бейбітшілік үшін» қозғалысының вице-президенті Франк Томлинсон; Норвегиядағы Квинесдал қаласының мэрі Свейн Арне Йерштадт және Канзас Сити антиядролық қозғалысы белсендісі Энн Суэллентроп Вашингтоннан Нью-Йоркке дейінгі веложарысқа қатысып, әлем назарын ядролық қарудың қаупіне назар аударуға және әлем елдері билігін ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қаруды иеленуден бас тартуға үндеуге шақырады.
Шара 21 сәуірде жергілікті уақыт бойынша 10.30-да Капитолий төбесінде басталады. Жарысқа қатысушылар алдымен Ақ үй мен Линкольннің мемориалы арқылы Бетесда, Мэриленд қаласына беттейді.
«The Potomac Pedalers Touring Club» үкіметтік емес ұйымының мүшесі, Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов велобәйгенің бастапқы кезеңіндегі жарысқа қатысады.
Команда 24 сәуірде Нью-Йоркте мәреге жетеді.
Айта кетейік, бұл іс-шараға Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қ.Омаров пен «АТОМ жобасының» құрметті елшісі, полигон зардабын шеккен Кәріпбек Күйіков те қатысады.