Бүгінгі таңда суретке түсірудегі селфи – үйреншікті үрдіске айналды. Әсіресе, жиын-кештерде елге танымал өнер адамдарымен селфи жасау ерекше сәнге айналды. Бүгінде селфидің небір түрін әлеуметтік желілерден оңай табуға болады.
Астанада осы тақырып аясында айтулы шара ұйымдастырылды. КИМЭП түлектері қауымдастығы арнайы Selfie Day күнін атап өтті. Екі күнге созылған шараның басты мақсаты – қарапайым халықты өнер адамдарымен жүздестіру. Бұл – фотоға түсіп, selfie жасауға таптырмас мүмкіндік.
«Біз оқушылар мен студенттерге арнайы билет үлестіріп, селфи күніне атсалысуға шақырдық. Олар қалаған жұлдыздарымен селфи жасап, автограф алады. Ал, біз билет ақшасын тікелей қайырымдылық қорына аударамыз»,-дейді шараны ұйымдастырушы Олжас Сүлейменов.
Ұйымдастырушылар мұндай шара алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында да жалғасын табады, деп отыр.
Айта кету керек, бүгін «Таңшолпанның» жүргізушілері де студияға келген қонақтармен selfie-ге түсуде.