Басты Жаңалықтар Жылына 200-ден астам баланың жүрегіне ота жасалады

Жылына 200-ден астам баланың жүрегіне ота жасалады

Маңғыстауда жыл сайын 200-ден астам бала туа біткен жүрек ақауымен республикалық орталықтарға барып, операция жасатады. Биылдың өзінде 32 бала жіберілген. Себебі, облыста кардиохирург маман тапшы. Бірақ, соған қарамастан жергілікті дәрігерлер жүрек ақауымен туған нәрестені перзентханада-ақ анықтап, отаға жіберуді жолға қойған.
Ақтаулық Қазына Парахатованың 9 айлық қызына туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылған. Дәрігерлердің нұсқауымен сәбиге Астанадағы кардиохирургиялық орталықта операция жасалды. Ота сәтті өткен. Қазір бала жергілікті дәрігердің бақылауында, уақытылы тексеріліп тұрады.
Қазына Парахатова, Ақтау қаласының тұрғыны:
Теле консультация арқылы Астанамен ота күні белгіленіп, порталменен тамыз айында біз операцияға бардық. Операция өте сәтті өтті. Ерте анықтайтын мүмкіндік болғанына шүкір, баламыздың жағдайы қазір өте жақсы.
8 жасар Хадишаның да жүрегінде туа біткен ақау барын мамандар перзентханада білген. Сәбидің жүрегінің күре тамыры қысылып туған. Бірақ дәрігерлер ота жасау үшін баланың өсіп-жетілуін күтті. 2024 жылы бүлдіршіннің жүрегіне Астанада алғашқы операция жасалған. Алда екінші күрделі ота күтіп тұр.
Үміт Жалғасбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Осы айдың 19-да сол Астанаға Замира Артықбаевнаның жолдауымен сол жаққа бара жатырмыз. Австралиядан кардиохирургия мамандары келіп жатыр екен. Менің қызымды сол кісілер күрделі операциясын жасауға дайындалып жатырмыз. Дәрігерлеріміз бәрі де жақсы қарайды, көңілімнен шығады дәрігерлердің несі, келіп тұрады, бәрі тегін.
Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, жаңа туған мың баланың арасында 10-15 нәрестеде туа біткен жүрек ақауы тіркеледі. Ал, Маңғыстауда жүрек қан тамыры ауруларымен 4 мыңға жуық бала есепте тұр. Соның мың жарымы туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келген.
Замира Артықбайқызы, балалар кардиологы:
Туа біткен жүрек ақауын осыған дейін көпшілік жағдайда бала ауырған кезінде ауруханаға түскен кезінде анықтап отырдық қой. Ал, қазіргі таңда бізде медициналық технологияның жақсаруына байланысты біз жаңа туған нәрестелерді перзентхананың өзінен УЗИ түсіріп, туа біткен жүрек ақауын алдын-ала анықтап, оның планын жасап береміз әрі қарай.
Аймақта балалар кардиохирургтары болмағандықтан ота тек Астана, Алматы және Ақтөбе қаласында жасалады. Жыл басынан бері 32 бала жіберілді. Оның бесеуі шұғыл түрде санавиациямен жеткізілген.

Бөлісу