Үздік ғалымдар марапатталды

11.04.2015
Үздік ғалымдар марапатталды

Халықаралық Ғылым күні қарсаңында Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалды реформасын іске асыру аясында Қазақстан ғылымын дамыту» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Конференция жұмысына Қазақстанның академиктері мен ғалымдары, Ұлттық ғылыми Кеңестің мүшелері, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың, ұжымдық және зертханалық қолданыстағы зертханалардың басшылары, ғылым мен жоғары білім беру саласының басқа да қызметкерлері, сондай-ақ, ҚР Парламентінің депутаттары қатысты.

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, соңғы жылдары ғылыми қызметкерлердің саны артқан. 2009 жылы олардың саны 15 мың болса, қазіргі таңда ғылыми қызметкерлердің жалпы саны 25,8 мың адамға жеткен.

Жасы 35-ке жетпеген ғалымдар саны 38 пайызға өсіп отыр. Өнертабыстар мен инновацияларға 1400-ден астам патент алынған. Ал, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде қазір 105 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда.   

Шара аясында үздік ғылыми жетістіктер мен 2011-2014 жылдардың қорытындысы бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, жариялауға бағытталған отандық ғылымның жетістіктеріне бағытталған көрме ұйымдастырылды.

Конференция соңында жетекші ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының ардақты қызметкері» төсбелгілерімен және ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Хабарламаларға жазылу