«Қаллеки» театры» атты кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаллеки» театры» атты кітап жарық көрді

30.03.2015
«Қаллеки» театры» атты кітап жарық көрді

Әшірбек Сығайдың көзі тірісінде басталған үлкен еңбек «Қаллеки» театры» деп аталатын кітап жарық көрді. Осыған орай «Таңшолпанда» Қуат Ежембек, Гүлназ Ләмбек және Балжан Бекмағамбетова  қонақта болды.

«Алдымен, еңбек туралы айтпас бұрын Әшірбек ағаның  бізге берген тәлімі туралы айта кеткен жөн. Өйткені, ол кісі бізге қандай да бір шығармашылық кескіндемені немесе рецензияны жазуға берген кезде, «қиялдаңдар», дейтін. Ол кісі бізді үлкен қиялға жетелейтін.

Мысалы, Әшірбек Сығайдың бір жазғаны екіншісіне ұқсамайды, бізге де солай жазуды үйретті. Осы Қаллеки театрының актерлері жөнінде шығармашылық кескіндеме жазуға тапсырма берген еді. Сол бірінші курстан бастап жазғандарымыз осы кітапқа топтастырылды»,-дейді Қуат Ежембек.

«Негізі кітап үш негізгі бөлімнен тұрады. Алғашқысында театр тарихы, жетекшілері,  актерлері қамтылған. Екінші тарау – біздікі, яғни, «Шәкірттер шығармашылығы», деп аталатын тарау. Біз бұл кітапқа студенттік оймен, студенттік көңілмен ендік»,-дейді Балжан Бекмағамбетова.

Қазіргі айтылар сынның жағдайына тоқталған жас театр сыншылары: «Әшірбек Сығай  мақтамен бауыздайтын. Актерлерді өзі хрусталь деп айтатын. «Актер – хрусталь. Ол – шыны ыдыс. Оны тек ақырын сүртіп қана қою керек. Оны жүрекке гүл қылып, тағып алу керек. Олардың жүрегін жаралауға болмайды»,-деп отыратын. Біз де ұстазымыздың жолымен жүріп, шындықты жазуға, керек жерінде сынап алуға тырысамыз. Қазір сын мүлдеп жоқ десек, жаңсақ пікір болар еді»,-дейді.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу