Маңғыстау облысында балаларға арналған мейірімді әділ сот жүйесі енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында балаларға арналған мейірімді әділ сот жүйесі енгізілмек

18.03.2015
Маңғыстау облысында балаларға арналған мейірімді әділ сот жүйесі енгізілмек
 
Бүгін Ақтау қаласында өңірдегі бала құқықтарын қорғау және балаларға арналған әділ сот жүйесін дамыту міндеттерін шешу бойынша  кездесу өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Еуропалық одақ өкілдігінің қолдауымен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және «Мейірім» қоғамдық бірлестігі  ұйымдастырды. 
 
Кездесу мейірімді әділ сот жүйесін дамыту бойынша жағдайға талдау жасау және мекемеаралық өзара байланыс мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында ұйымдастырылды. 
 
Шараға қатысушылар өңірдегі бала құқықтарын қорғау бойынша тәжірибелері мен халықаралық стандарттарды ескере отырып, қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер, девиантты мінез-құлықты балалар, зорлық-зомбылық көрген балалар, қылмыстың құрбандары мен куәгерлері болған балалар, сондай-ақ интернат типті мекемелерде тұратын балалармен жүргізілетін жұмыста қолдануға болатын бағыттар ұсынды.   
 
Сонымен қатар, талқылау барысында Маңғыстау облысында балаларға арналған әділ сот үлгісін құрудың мәселелері бойынша жергілікті қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға байланысты ұсыныстар айтылды. 
 
Кездесуге Маңғыстау облыстық Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың,  облыстық Білім басқармасының, облыстық прокуратура, облыстық  Әкімшілік полициясы басқармасы, облыстық  Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. 
 
Айта кетейік, шара БҰҰ-ның Маңғыстау облысындағы бірлескен бағдарламасы, сонымен қатар Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ-тің «2014–2017 жылдарға арналған  Қазақстандағы балаларға және олардың құқықтарын қорғауға арналған әділ сот жүйесін нығайту» бағдарламасы аясында өтті. 
 
Сурет: aikyn.kz

Хабарламаларға жазылу