Басты Жаңалықтар Нидерланд кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция құюға ниетті

Нидерланд кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция құюға ниетті

Нидерланд кәсіпкерлері қазақ экономикасына қаржы құйып, біріккен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Гаагада өткен «Қазақстанға инвестициялар: нидерландық бизнес үшін жаңа көкжиектер» іскерлік форумында мәлім болды. Еліміздің осы мемлекеттегі Елшілігі ұйымдастырған басқосуда Елші Қайрат Әбдірахманов жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттарды баяндады. Шетелдік бизнес өкілдері Қазақстанның экономиканы әртараптандырып, цифрландыруға басымдық беруін жоғары бағалап отыр. Олардың пайымынша, маңызды құжаттағы бастамалар технологиялық дәуірде елдің стратегиялық дамуын айқындауға септігін тигізбек. Нидерландық кәсіпкерлер Қазақстандағы аса маңызды шикізат материалдарын өңдеу, логистика және ауылшаруашылығы саласындағы жобаларға белсене қатысуға ниетті. Шара барысында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен «Royal Philips» компаниясының өкілдері жол картасына қол қойды. Соған сәйкес  нидерландық компания Қазақстанда портативті ультрадыбыстық құрылғы өндірісін іске қосады.  

Ұлбосын Сарыбаева, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-ның шетелдегі өкілі:

Бұл жоба екі елдің арасындағы серіктестіктің технологиялық деңгейінің жаңа сатыға көтерілгенін көрсетеді және денсаулық сақтау саласындағы инновацияға жол ашады.

Фредерик Воссенар, ҚР Нидерландтағы құрметті консулы:

Елдеріңіздің азық-түлік, аграрлық өндірісті дамытуға басымдық беруі құптарлық. Қазақстанның бидай, күнбағыс, ет, сүт өнімдерін өндірудегі әлеуеті орасан. Сондықтан сапаны бақылау, сертификаттау, селекционердің құқын қорғау бойынша екі елдің ұйымдары ынтымақты арттыра алады.  


Бөлісу