Секен Тұрысбектің «Наурыз-шашу» атты концертін көріңіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Секен Тұрысбектің «Наурыз-шашу» атты концертін көріңіз

15.03.2015
Секен Тұрысбектің «Наурыз-шашу» атты концертін көріңіз

Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін тыңдамаған жан кемде-кем. Кез келген адам шығарманың алғашқы әуенін естіген бойда толқындай тербеліп, тұла бойының еріксіз ырғалып кететінін сезбей де қалады.

Секен Тұрысбек «Көңіл толқыны» кітабында былай деп жазады: «Күйдің өзегінде әкенің орны толмас өкініші мен өксігі жатыр. «Көңіл толқыны» - өзіне дейінгі ұлы күйші-сазгерлердің рухани жалғасы болғанымен, ішкі табиғаты мүлде бөлек, жүрек қылын дірілдете шертер күші бар, тыңдаушысын ой мен сезім тұңғиығына тартатын туынды».

Бүгін 17.05-те Ұлттық арнадан Секен Тұрысбектің «Наурыз-шашу» атты концертін көріңіз.

Секен Тұрысбек Кәрімұлы – 1961 жылы 1 мамыр күні қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Бірінші май ауылында дүниеге келген.

Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінде Қ.Досымжанов сыныбын тәмамдап, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясын М.Әубәкіровтің жетекшілігімен бітірген.

«Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі және бөлім меңгерушісі, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері.

«Жазғы қар», «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Бесік күйі»(«Балауса»), «Күлтегін», «Көк бөрі», «Дарабоз», «Ақжүніс», «Өкініш», «Боздақ», «Аруана»(«Шығыс жұлдызы»), «Мәлғаждар» күйлерінің және «Аққу сазы», «Ерке қусым», «Көктемім менің, көктемім», «Қоңыр қаз»,  «Шағала», «Мен бір жұмбақ адаммын»,  «Айхай заман», «Аяулы арман, дуние», «Қос жұлдызым», «Бауырым сонау , күн кайда?», «Анама», «Тарбағатай», «Қоңыр жел», «Қарлығашым», «Толғау», «Қызыма», «Жанымнан тәтті өмір», т.б. ән-күйлер мен романстардың авторы.

1985 жылғы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің XII дүниежүзілік фестивалінің, 1988 жылғы Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты. 1993 жылдан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі.

 

Хабарламаларға жазылу