Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жаңа спектакльдің дайындығын бастап кетті.
«Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» көркем шығармасының желісі бойынша қойылатын спектакль ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлығымен халық назарына ұсынылмақшы»,-дейді театрдың баспасөз қызметі.
Спектакльдің нақты атауы «Ай мен Айша» бола ма, әлде өзгере ме белгісіз. ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов: «Ай мен Айша» атауы спектакль жүгін көтеруге тым аздық ете ме деп ойлаймын. Спектакльдің инсценировкасын жасаған – театр директоры Еркін Жуасбек. Шығарманың өзегіндегі ойды түсінгені байқалып тұр.
Шерхан ағамыздың шығармасынан да көсіп алатын дүние көп. Алайда, оның бәрі бір-біріне ұқсас болғандықтан, халыққа түсінікті, көрерменнің танымына сай келуі үшін әлі де ойластырып жүрміз. Сол себепті атауы санамызға толық ұялап болған жоқ»,-дейді.