Әуезов театры 95-ші маусымын «Абайдың жұмбағы» премьерасымен ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әуезов театры 95-ші маусымын «Абайдың жұмбағы» премьерасымен ашты

15.10.2020

Жеті айдан кейінгі жылы жүздесу. Әлемдік пандемияға байланысты осыншама уақыт бірде-бір қойылымы өтпеген Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры бүгін көрерменмен қайта қауышты. 95-шы маусымның шымылдығы «Абайдың жұмбағы» қойылымының премьерасымен ашылды. 

Жазира Оразқызы, тілші: 
-Бүгінгі өнер кешін театр ұжымы да, көрермендер де асыға күткені рас. Себебі, соңғы рет наурыз айында осыдан тура 7 ай бұрын театр сахнасында «Үйлену» спектаклі соңғы рет қойылған еді. Карантинге байланысты театр жұмыс істеген жоқ. Бүгінгі қойылымды тамашалау үшін залдың 50 пайызына ғана билет сатылған. Ал қойылымға келсек, ұлы хакімнің даналығын, даралығын сипаттап, өмірлік-өнерлік баянын зерделеп байқауға деген ұмтылысты суреттейтін «Абайдың жұмбағы» қойылымы. Сахналық нұсқасын Болат Әбділманов пен Мадина Омарова әзірлеген. 
Ұлы ақынның өз дәуірінде басқалардан ерекшеленуінің, «толық адам» ілімін ашуы мен хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Қойылым көрерменді осы бір күрделі де терең сауал төңірегінде пайымдауға, өзіндік ой түюге шақырады. Әуезов театры 21 қазанда ұлы Абайдың «Қара сөздері» желісімен жазылған «Қара» деп аталатын драма-диалог ұсынады. 

Жазира Оразқызы

Алматы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр қойылым ТЕАТР

Хабарламаларға жазылу