Есенқұл Жақыпбектің өлеңдері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есенқұл Жақыпбектің өлеңдері

10.02.2015
Есенқұл Жақыпбектің өлеңдері

Есенқұл Жақыпбек – қазақ даласының қай бұрышында жүрсе де танымал, талантымен туған елін ақындар мен батырлар елі екенін мойындата білген ақын. 

«Арғы атамды сұрасаң - Абай, Жамбыл, 

Өрт Махамбет өз ағам – Абайлап жүр! 

Жолдас болдым бөрінің бөрісімен, 

Сырлас болдым серінің серісімен, 

Аруақтандым солардың перісімен...»,-деп құдіретті поэзияны серік еткен ақын.

Бүгін Есенқұл Жақыпбектің туған күніне орай ақынның бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Біздің елдің жігіттері


Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар –ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі.

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Өз елінің ұлтаны мен өз елінің сұлтаны.

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.

 

Сыз. Нөсер. Күз...

Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.

Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.

Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.

Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

 

Алдай-ау

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Дүние түбі балдай-ау.

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.

Үри-ай, дәурен, үри-ай,

Үмітпен өткен дүние-ай.

Теректей басым теңселіп,

Терең бір ойлар еңсеріп.

Ұйқы да тұйқы сең соғып,

Ұйқысыз өткен түнім-ай.

Арманым алда бұлыңғыр,

Орманым ол да сылыңғыр.

Жапырақтарын жанымның,

Білдірмей біреу жұлып жүр.

Өмірдің өгей пендесі-ай,

Өлеңнің шертіп қылын бір,

Өзіңді-өзің жылындыр.

Өткені-ай, бәрі өткен-ай,

Өмірдің жаз бен көктемі-ай.

Сары ала қаздар саңқылдап,

Сары ала күздің жеткені-ай.

Біреуге өзім ынтызар,

Біреулер маған өкпелі-ай.

Өткінші мынау өмірде,

Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.

«Аға» - деп барсаң ағаңа,

Ағаның көңілі көкте жүр.

«Бауыр» деп барсаң бауырға,

Бауыры оның көк темір.

Туысқанға - туа жат,

Жолдасыңа - жүре жат,

Менен де осы өтті өмір.

Қара тас сенен қорықпаймын,

Сенен де кейде от шығар.

Қара жер сенен қорықпаймын,

Саған да жазда шөп шығар.

Айналайын ағайын!

Сендермен жерді бір басқан,

Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.

Өмірі өлең жыр-дастан,

Менде де арман жоқ шығар.

Хабарламаларға жазылу