Бақыткүл Қадырбайқызы: Мұқағали ақынның халқына қалдырған дүниесі бүгінде әрбір жас ұрпақтың жүрегінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақыткүл Қадырбайқызы: Мұқағали ақынның халқына қалдырған дүниесі бүгінде әрбір жас ұрпақтың жүрегінде

09.02.2015
Бақыткүл Қадырбайқызы: Мұқағали ақынның халқына қалдырған дүниесі бүгінде әрбір жас ұрпақтың жүрегінде

«Мұқағали атамыздың шығармашылығы әлі толық зерттелген жоқ. Дегенмен де, Мұқағали атамыздың соңында қалған мұрасы – поэзиясын жылда бір кітап шығарып, халыққа жеткізіп жатырмыз. Дәстүрлі түрде концерт те өткізетінбіз. Бірақ, кейінгі кездері ол жағы қиындап кетті. Содан екі жылда бір өткізейік деп шештік. Енді келер жылы бұрынғы өткен кештерден ерекше, ауқымды шара өткізу жоспарда бар»,-дейді Бақыткүл Қадырбайқызы.

«Ақынның халқына қалдырған дүниесі бүгінде әрбір жас ұрпақтың жүрегінде. Жақында «Ғұмыр-дария» атты республикалық байқау өтті. Сол байқауға жылда 100-120 адам ғана келетін еді. Ал, биыл елдің түкпір-түкпірінен 600-дей  адам қатысты. Кішкентай бүлдіршіндер ақпанның аязына қарамай, байқауға келгені мені қуантады. Бұл – ақынның поэзиясының өміршеңдігін көрсетеді».

«Мен келін болып түскен кезде ол кісі дүниеден өтіп кетті. Бірақ, Лашын анамыз өмірден өтер шағында ақынның соңында қалған дүниелерін маған табыстап кетті.  «Айналайын  Бақтай, ақын атаңның туындыларын мен 30 жылдай сақтап, жарыққа шықпағанын шығардым. Ендігі кезек сенікі»,-деді. Бұл – ананың аманаты. Мен атамыздың көзі тірісінде қызмет көрсете алмадым. Бірақ, бүгінде ол кісінің руһына қызмет етіп келемін. Он жыл болды, ақынның атындағы халықаралық қорды басқарып отырмын.  Жылда бір кітабын шығарамыз».

«Ақын ауруханада жатқан кезде «Өмір-дастан» деген кітабына Әбділдә Тәжібаевқа арнап қолтаңба жазып береді. Сонда Әбділдә Тәжібаев: «Мына Мұқаш қателесіпті-ау, 27 ақпанның орнына 27 наурыз деп жазыпты»,-дейді. Алайда, ол дәл осы күнді бірнеше адамға жазып берген екен. Ал, ақын кейін 27 наурызда дүниеден өтеді. Бұл оның көріпкелдігін көрсетеді»,-дейді ақынның келіні.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу