Композитор, ҚР Президенті сыйлығының иегері Бейбіт Оралұлы бүгін «Таңшолпанда» қонақта болып, шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөлісті.
«Таяуда өткен «Елім менің» Тәуелсіздік толғауы конкурсында бірінші орын алдым. Былтыр да жеңіске жеткенмін. Менің негізгі бағытым сол – көбіне конкурстарға арнап жазамын. Елімізде болсын, шетелде болсын түрлі байқаулардан қалмауға тырысамын»,-дейді композитор.
Кейінгі кездері халық алдына көп шыға бермейтін сазгер бұл турасында: «Халыққа берерің болса, айтар сөзің, жаңалығың болса шық, болмаса жөнсіз шыға берген артық»,-дейді.
«Әндерімді санауға қорқамын. 200-дей ән бар қоржында. Біреулер 500 деп жатады. Алайда, халықтың жүрегінен орын алған 50 шақты әнім бар».
Жас толқын композиторладың аяқ алысына қатысты Бейбіт Оралұлы: «Бүгінде заманға сай «халыққа ұнайды-ау» деген әндер көп. Бірақ, халықтың жетегінде кетпей, халықты жетелейтін де әндер керек. Той-томалақта айтылатын әндер де қажет. Халықаралық байқауларға тойдың әнін алып бара алмайсың, сол себепті кәсіби тұрғыда жазылған әндердің де болғаны дұрыс», деген пікірде.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.