«Елдің ерлігі» атты деректі фильмдер желісі эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елдің ерлігі» атты деректі фильмдер желісі эфирге шығады

27.01.2015
«Елдің ерлігі» атты деректі фильмдер желісі эфирге шығады

II Дүниежүзілік соғыс жаңа тарихтың қаралы беті ғана емес, бүкіл ұлттың намысы майдан мен тылда сынға түскен сəті.

Жеңісті жақындатқан жайт – майдандағы сарбаздардың көзсіз ерліктері ғана емес, «Бəрі майдан үшін, бəрі де Жеңіс үшін» деп ұрандатқан тыл еңбеккерлері мен қарапайы халықтың ерен еңбегі.

Қабырғасы қатпаған балалар мен еңкейген қартқа дейін тылда күні-түні демей еңбек етті. Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері Қазақстан да жетерлік.

1939 жылғы санақ бойынша Қазақстан тұрғындарының саны 6,2 миллион болған. Әскер қатарына 1196164 қазақстандық шақырылса, өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін 670 мың адам алынды. Республикаға соғыс аймағынан 1,5 миллион адам көшірілгеннін жəне репрессияға ұшыраған халықтардың көптеп қоныс аударылғанын есепке алғанның өзінде əрбір төртінші қазақстандық соғысқа аттанды.

Деректі фильмдер циклі – 7 желіден тұрады.  Фильм соғыста өшпес ерлігімен тарихта қалған қазақстандық жауынгерлерге арналған. Қазақстанда жасақталған əскери құрылымдар Ленинград қорғанысында, Сталинград түбіндегі шайқаста, Курсс иінінде, Днепрден өту үшін болған шайқаста, Украина, Беларусь, Молдова, Балтық жағалауы елдері мен Шығыс Еуропаны неміс басқыншыларына азат ету ұрыстарына қатысты.

Деректі фильмдер желісі Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев, шабуылды бөгеген Сұлтан Баймағамбетов, отқа оранған ұшағын жау эшелонына бағыттаған Бақтыораз Бейсекбаев пен Нұркен Əбдіровтер, Кеңес одағының Батыры атанған екі қазақ қызы – Əлия Молдағұлова мен Мəншүк Мəметова сынды қазақтың батыр ұл-қыздарының ерлігіне арналған.

КСРО аумағында жəне Болгария, Югославия, Италия жəне Франция аумағындағы партизандық қозғалыстарға қазақтар да қатысқан.

Жалпы партизан соғысына қатысқан қазақтар саны – 3,5 мың. Қасым Қайсенов, Əди Шəріпов, Тоқтағали Жангелдин, Ғалым Омаров,Нұрым Садықов, Сəтімбек Төлешев, Ғалым Ахмедияров секілді азаматтар партизан отрядтарын бастап отырған.

Сондай-ақ,  бұл қатарда Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақеділова секілді қыз-келіншектер де бар. 500 қазақ жауынгері мен офицері Кеңес одағының Батыры атанды.

Жүзден астамы «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Екі мəрте Кеңес одағының батыры атанған 4 жауынгердің бірі – Талғат Бигелдинов.

Деректі желінің əр бөлімі 1941-1945 жылдардағы соғыс батырлары, тылдағы жұмыс, Жамбылдың əйгілі «Ленинградтық өрендерім» жəне Ленинград блокадасы туралы сыр шертеді.

Деректі фильмнің 1-бөлімін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан  29 қаңтар күні 17.00-де көре аласыздар.

Фильмге түскен негізгі кейіпкерлер:

Слямхан Жапарханұлы – «II Дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының кеңесі» қоғамдық қорының Президенті;

Талас Омарбеков - тарих ғылымдарының докторы, профессор;

Бақытжан Қажымұқанов - Қажымұқан Мұңайтпасовтың немересі;

Құралай Қожаханова - тарих ғылымдарының кандидаты;

Асылы Осман - ғалым, қоғам қайраткері;

Қазақбай Қасымов - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, профессор;

Ерболат Әміров - Хиуаз Доспанованың ұлы;

Амангелді Мұқан - өнертану кандидаты, театртанушы;

Ерлан Төлеутай - әнші, өнертанушы;

Горобец Надежда Григориқызы - Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрының директоры;

Тілеу Көлбаев - тарих ғылымдарының докторы, профессор;

Гүлжаухар Көкебаева - тарих ғылымдарының докторы, профессор;

Герольд Бельгер - жазушы, қоғам қайраткері;

Сейітхан Исаев - соғыс және еңбек ардагері;

Асыл Қайсенова - Қасым Қайсеновтың жары;

Хабиба Елебекова - Жүсіпбек Елебековтың жары.

Хабарламаларға жазылу