Кәкімбек Салықов – Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың жолын жалғаған бірегей дарын иесі. Ол – 1932 жылы 22 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген.
1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын, Жезқазған кенішінде кен шебері, кейіннен учаске басшысы болып бастады. Уақыт өте келе Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы болды. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін біршама лауазымдық қызметтер атқарды.
Алайда, Кәкімбек Салықовтың еңбек жолынан гөрі шығармашылық жолы ел есінде ерекше қалғаны анық. Ақынның «Дала», «Қырандар», «Тәттімбет», «Домбыра», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмасы қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік туындылар қатарында. Ақынның жыр жинақтары бірқатар әлем тілдеріне аударылып, жарияланған. Сонымен қатар, шет тілінен тәржімаланған аудармалары да жоғары бағаланды.
Бұдан бөлек, Кәкімбек Салықовтың есімі қазақ ән өнерінің классиктері Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды композиторлармен тығыз байланысты. Өйткені, оның «Жезкиік», «Аққу әні», «Үш арыс», «Сағыныш» тағы басқа өлеңдеріне жазылған көптеген әндер халық әніне айналып кеткендей.
Ақын шығармашылығы турасында толығырақ «Таңшолпаннан» біле аласыздар.