Омбыда суретші Майса Ықыласованың көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Омбыда суретші Майса Ықыласованың көрмесі өтуде

29.12.2014
Омбыда суретші Майса Ықыласованың көрмесі өтуде

Ресейдің Омбы қаласында павлодарлық суретші Майса Ықыласованың «Жібек жолы» атты көрмесі ашылды, деп жазады «Сарыарқа самалы» газеті.

Омбыдағы Пушкин атындағы орталық кітапхананың үлкен залында ұйымдастырылған суретші көрмесіне қылқалам шеберінің «Менің Қазақстаным» атты пейзаждар сериясы мен ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын арқау еткен «Мұқағали» атты графикалық суреттер сериясы ұсынылған.  Барлығы 30 туынды қойылған.

"Дербес көрменің ашылуына Омбыдағы аймақтық «Мөлдір» Сібір-қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова ұйытқы болды", - дейді Майса Ықыласова.

"Көрмеге Омбы қаласында тұратын қандастарымыз, сондай-ақ, жергілікті ұлт өкілдері, оқушылар, студенттер көптеп келді. Омбыдағы көркемөнер институтының директоры, Ресей Суретшілер одағының мүшесі Қайыртай Әмірғазин, суретші Амангелді Шәкенов сынды әріптестермен жүздесіп, ой бөлістік. Қазақстанның Омбыдағы консулы Елдар Қонаевтың қабылдауында болдым, олар екі ел арасындағы мәдени байланысқа атсалысқаным үшін арнайы Алғыс хат тапсырды. Көрменің ашылу салтанатынан кейін қызығушылық танытқан омбылықтарға шеберлік сағатын өткіздім", - дейді суретші.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Майса Ықыласова соңғы жылдары жүннен ұлттық бұйымдар жасаумен қатар, киізден басылған туындыларды да жарыққа шығарып, осы салада жемісті еңбек етуде. Суретшінің Баянауыл мен Ертіс өзенінің көркем табиғатын киізбен көркемдеген туындылары кім-кімді де таң қалдырарлықтай. Сондай-ақ, қылқалам шеберінің Мұқағали поэзиясын графикалық суретке айналдырып салуы да үлкен шеберлікті, ой-қиял ұшқырлығын қажет ететін күрделі дүние екені даусыз.

«Жібек жолы» көрмесі Омбыда келер жылдың 15-ақпанына дейін жұмыс істейді.

Хабарламаларға жазылу