Әнші, жыршы, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Әлихан Дүйсенбай бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Бүгінгі таңда жыршылық өнерге жастардың қызығушылығы төмен деп айтпас едім. Іні-қарындастарымыздың осы өнерге бет бұра бастағанын көргенде, қуанасың. Бұл өнердің де сұрауы бар екенін білесің»,-дейді әнші.
«Менің ұстанып жүрген жолым – Сыр бойының жыраулық мектебі. Оның ішінде Нұртуған мектебінің өкілімін. Бұл – Аралдың, Қазалының төменгі сағасы. Осы мектепте Жәмет жырау деген үлкен жырау өткен. Басқасын айтпағанда, бір Нұртуғанның төрт дастанын жатқа білген.
Жақында сол кісінің кезінде берген сұхбаты табылды. Онда жазады: «Қызылордадан бір жігіт келді. Қолында қағазы мен сиясы бар. Содан мен жырлауды бастап кеттім. Арада 15 күн өткеннен кейін әлгі жігіт қағазы мен сиясы таусылып, қайтуға мәжбүр болды...», -дейді.
Сия мен қағаз таусылатындай 15 күн бойы жырлау деген – керемет қой! Менің барлық дастан, төрт таған, көңіл хошы, насихат, терме, толғауларымды алған кезде бір таңнан әрі асатындай ғана мүмкіндігім бар»,-дейді жыршы Әлихан.
Әлихан Дүйсенбайдың жырын тыңдағыңыз келсе, «Таңшолпанды» көріңіз.