Ақұштап Бақтыгереева: Бабалар сөзін ой елегінен өткізіп, ұрпаққа қалдыру – қалам ұстаудың негізгі мақсаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақұштап Бақтыгереева: Бабалар сөзін ой елегінен өткізіп, ұрпаққа қалдыру – қалам ұстаудың негізгі мақсаты

18.12.2014
Ақұштап Бақтыгереева: Бабалар сөзін ой елегінен өткізіп, ұрпаққа қалдыру – қалам ұстаудың негізгі мақсаты

Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жылдық мерейтойы сонау Батыстан басталып, Алатау бөктерінде, одан қалды Астанада жалғасты.

«Мерейтой «Ақ шағалам» деген Ақ Жайық жұрты сонау тәй басып, қалам ұстаған кезімнен білетін батыстан басталды. Кешімнің арман қала – Алматыда өткені мен үшін үлкен қуаныш болды.  Мен ол жерде қаламдастарым мен бірге өскен замандастарымды көрдім».

«Уақыт – зымыран. Шауып бара жатырмыз, ғасыр да жылдам, адам да жылдам. Ертеңгі күнге асығамыз. Бірақ, өткенге бір көз жүгіртіп, еске алып, қадірлейтін неміз бар, қастерлейтін неміз бар деп, хал сұрасып, бірімізді біріміз құрметтеу де – адамзат баласының ең қажетті дүниесі»,-дейді ақын.

«Көрген-білгенімізді айту үшін, елге барып, көрген-түйгенімізді  елге қалдыру  үшін қалам алып, ата-әжелерімізден естіген бабалар сөзін біз де ой елегінен өткізіп, ұрпаққа қалдыру – қалам ұстаудың негізгі мақсаты».

«Біз Фариза ақынмен сонау 70-ші жылдардың басынан таныспыз. Алғаш өлеңдерімізді бір-бірімізге жіберіп, хат жазып тұрдық. Ол Алматыдан Атырауға, мен Атыраудан Алматыға хат  жазып, оны поштадан барып алатынбыз. Алыста жүрсек те, арманымыздың, бағытымыздың бір екенін сездік. Сонымен қатар, біз қаламның да ауырлығын әуелден-ақ сездік.  

Қазір оның орны үңірейіп тұр. Ол  қазақ қызы өлең жазу жолында жетістікке жете алады, қазақ қызы оны дәлелдей алады, деген жолды таңдап, соны дәлелдеп кетті. Фариза ақынды қолына қалам ұстаған қыздардың бәрі сағынады. Ол алдымыздағы бір қалқан іспетті, асқар, шың іспеттес, жол көрсеткен жұлдызымыздай болған еді»,-деп еске алды ақын қаламдасын.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» біле аласыздар.

Хабарламаларға жазылу