Таразда «Мырзатай Жолдасбеков оқулары» өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Мырзатай Жолдасбеков оқулары» өтті

26.05.2016
Таразда «Мырзатай Жолдасбеков оқулары» өтті

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Мырзатай Жолдасбеков оқулары» өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері белсене қатысып, қоғам және мемлекет қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттады, деп хабарлайды ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі.

Іс-шараның мақсаты – ұлттың зияткерлік және рухани әлеуетін көтеруге жастарды тарту, студенттердің кітап оқуына жан-жақты қолдау көрсету.

Апталықтың алғашқы күні «Қазақ мәдениетінің қара нары» тақырыбында Мырзатай Жолдасбековтың өмірі мен шығармашылығына арналған эссе байқауы өткізілді.

«Студенттер әдебиеттанушы ғалым, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан тіл жанашырының ерен еңбегін өз жұмыстарында шынайы көрсете білді. Бірқатар эсселер өмірбаяндық деректермен, әдеби талдамалармен, академиктің сұхбаттарын мазмұндаумен шектеліп жатты. Дегенмен, эсселердің арасында Жолдасбековтың шығармашылық ғұмырына аналитикалық талдау жасай отырып, оның қоғамдық-саяси өмірмен тығыз байланысын өз ой елегінен өткізіп, өзіндік пайымы мен бағасын негіздеп көрсете білген шығармалар да болды», – дейді ұйымдастырушылар. Байқау жеңімпаздары Алхыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар апталық аясында «Мәңгілік ел идеясы: ұлт тұлғалары» тақырыбында кездесулер, әдеби байқаулар өтті.

Хабарламаларға жазылу