Бүгін – Бибігүл Төлегенованың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Бибігүл Төлегенованың туған күні

16.12.2014
Бүгін – Бибігүл Төлегенованың туған күні

Бибігүл Төлегенова халқын  әсем әнімен де, сұлу сәнімен де қашанда қуантумен келе жатқан тұлға. Әлемдік деңгейдегі опера жұлдызы өзінің  өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан.    

Бибігүл  Ахметқызын әлемнің өнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның  әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның, Париждің, Римнің, Афинының, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. 

Халық әртісі әлемнің ең үздік  оркестрлерімен: Осипов атындағы орыс ұлттық  академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания)  камералық оркестрімен бірге  ән салған.      

Бибігүл Төлегенова ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша XX  ғасырдың ұлы  жиырма әйелдерінің қатарына енген өнерпаз.

Біздің анықтама:

Бибігүл Төлегенова – 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі скрипкада ойнап, анасы ән салған жанұяда әрқашан әуезді әуен естілген. Бірақ, 1937 жылы әкесі Ахмет қамауға алынып, із-түзсіз жоғалып кетеді.

Кешкі мектептің 7-сыныбында оқитын Бибігүл еңбекке ерте араласып, аурушаң анасына қолғабыс болып, ет комбинатының клубына киномеханик болып орналасады. Әнсүйер қыздың басты мақсаты - жұмыс барысында өнерге жақын болып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысу еді. Алайда, 1945 жылы үйдегі қаржы мәселесінің қиындауына байланысты ол ет комбинатының темір-қалбырлық цехына ауысады.

II Дүниежүзілік соғыс жылдарында Семейге, сондай-ақ, Қазақстанның барлық қалаларына Астанадан ғалымдар, әдебиетшілер, музыканттар көшірілді. Көркемөнерпаздар көрсетілімдерінің бірінде Бибігүл Төлегенованы кеңес жазушысы Г. И. Серебрякова байқап, оған алғашқы музыка сабақтарын берді.

1951 жылы Алматы консерваториясының студентін Қазақ радиосы солист болуға жұмысқа шақырады. Ал 1954 жылы ұстазы Н.Н. Самышиномен бірге Бүкілодақтық вокал конференциясына қатысу үшін Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) аттанады. Бұл шара Бибігүлдің өнердегі жолын ашады.

1954 жылы консерваторияны аяқтаған соң, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының труппасына қабылданып, екі жылдан соң, Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің әншісі болады. 1971 жылға дейін Бибігүл Төлегенова оркестрмен бірге Қазақстан мен Кеңес одағының бар аймағын гастролдік сапармен аралайды.

1958 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістерінің байқауында лауреат атанып, 1967 жылы 6 маусымда «КСРО Халық әртісі» атағын иеленеді.

1971 жылдан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисті.

Бибігүл Төлегенованың партиялары:

Римский-Корсаков «Ақшақар» - Ақшақар

Верди «Риголетто», «Травиата» -  Виолетта, Джильда

Россини «Севильский цирюльник» - Розина

Доницетти «Дон Паскуале» - Норина

Брусиловский «Қыз Жібек» - Қыз Жібек

Рахмадиев «Алпамыс» - Гүлбаршын

Жұбанова «Еңлік-Кебек» - Еңлік

1991 жылдың 21 желтоқсанында КСРО Президентінің қаулысымен Бибігүл Төлегеноваға музыка өнерінің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Ленин атындағы ордені және «Балға мен орақ» медалімен қатар Социалистік Еңбек ері атағы берілді. «Еңбек Қызыл ту» орденімен (3.01.1959 ж), Ленин атындағы орденмен екі мәрте марапатталған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1970), Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСРО Мемлекеттің сыйлығының лауреаты (1966).

Хабарламаларға жазылу