Мәскеуде жастар арасында қазақ әндерінің «Алтын күз - 2014» фестиваль-байқауы өтті. Мәскеу, Саратов, Омбы, Бурятия, Қырғыз Республикасы және Қазақстанның намысын қорғаған 30 өнерпаздың арасынан іріктелген 14-і вокалдық өнерін, музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігін, сонымен қатар қазақ халқының дәстүрлерін қаншалықты білетінін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, шараның мақсаты - Ресей мен Қазақстан жастарының байланыста болуы, дарынды жастарды анықтау.
Қазылар алқасының құрамына ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, «А-Студио» тобының негізін қалаған продюсер Байғали Серкебаев, ҚазКСР мәдениет қайраткері, әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Татьяна Полтавская, «Муз-ТВ» Ресейдің ұлттық музыкалық арнасының бас директоры Арман Давлетьяров және т.б. Ресей мен Қазақстанның музыка әлеміндегі белгілі қайраткерлері кірді.
Қазылар алқасының шешімімен «Алтын күз - 2014» байқауында 1 орынға - Айжан Нусувалиева (Қырғыз Республикасы), 2 орынға - Ерлан Түленов (Қазақстан), 3 орынға - Индира Мамбетова (Қазақстан) ие болды. Саян Дашанимаев (Бурятия) көрермендер көзайымына айналды.
«Алтын күз - 2014» байқауы РФ-дағы ҚР Елшілігінің, Мәскеудегі Аймақаралық ынтымақтастық, ұлттық саясат және діни ұйымдармен байланыс департаментінің қолдауымен, сонымен қатар «Московский дом национальностей» Мәскеудің мемлекеттік бюджеттік мекемесі және Мәдениет және жастар саясаты басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылды.