Басты Жаңалықтар ЕуроОдақ балаларды әлеуметтік желіден қорғамақ

ЕуроОдақ балаларды әлеуметтік желіден қорғамақ

ЕуроОдақта 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Еуропалық комиссия «Балаларды қорғау» туралы заң жобасын ұсынды. Құжатта жасөспірімдердің желіні пайдалануына қатысты да шектеу көп. Осылайша Еуропа елдері балаларды цифрлық әлемнен аластатуды емес, олардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуді көздеп отыр.

Он төрт жастағы Олея Орбан - кибербуллингтің құрбаны. Бельгиялық қыз әлеуметтік желідегі әлімжеттікке шыдамай, бір ай бұрын өз-өзіне қол салған. Олеяның өлімі бүкіл Еуропада қоғамдық резонанс тудырды. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен қаршадай қыздың қазасына себеп болған әлеуметтік желіге шектеу қоюды ұсынды.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:

Жас еуропалықтар қазір күніне төрт-алты сағатын экранның алдында өткізеді. Әлеуметтік желі балалардың назарын, зейінін, ақыл ойын күннен-күнге жаулап, балалық шағынан айыруда. Ұйқысыздық, мазасыздық, тіпті өліммен аяқталатын қайғылы оқиғалардың саны артты. Бітті, бұған енді жол бермеуіміз керек. 

Бала смартфонға телміріп, желінің жетегінде кетпес үшін Еурокомиссия «Балаларды қорғау» туралы заң ұсынып отыр. Құжатқа сәйкес, әлеуметтік желіні 13 жасқа толмағандардың қолдануына тыйым салынбақ. Ал 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер парақшасын ата-анасының рұқсатымен ғана аша алады. Және жеткіншектердің экран алдында өткізетін уақыты күніне бір сағаттан аспауы тиіс.

Матиас, оқушы:

Мүлдем тыйым салмай, ТикТокқа, миға зиянды платформаларға кіруге болмайды десе болатын еді ғой. Мен он екідемін, заң бізге қатысты болғаны өкінішті.

Натали Бонэ, Брюссель қаласының тұрғыны:

Дұрыс болды заң ұсынғаны. Әйтпесе балаларымызды бақылаудан қалдық. Тіпті кәмелетке толғанша желіге жақындатпау керек баланы.

Жаңа заңда интернет платформалардан баланың жасын тексеру, қауіпті контентті шектеу және жеткіншектің назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұруға бағытталған тәсілдерді азайту талап етілген. Ережеге бағынбағандар қомақты айыппұл арқалайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Жалпы, баланың жасын интернетте кім тексереді? Жеткіншектердің жеке деректері қалай қорғалады? Осы сұраққа жауап ретінде Еурокомиссия құпиялылық пен қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, жалпыеуропалық жасты тексеру қосымшасын енгізуді көздеп отыр. Заң жобасы енді Еуропарламент пен Еуропалық кеңестің қарауына жіберіледі. Құжат мақұлданып, қабылданғаннан кейін ғана жаңа шектеулер күшіне енеді.
Бөлісу