Cыр елінде «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің премьерасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Cыр елінде «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің премьерасы өтті

05.12.2014
Cыр елінде «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің премьерасы өтті

Елбасының өмір жолын баяндайтын жаңа киноэпопеяның тұсаукесеріне фильм режиссері Рүстем Әбдірашев, продюсері Арман Асенов және фильмде Елбасының жары Сара Алпысқызының рөлін сомдаған актриса Мәдина Есманова Сыр еліне арнайы келіп, фильм барысы туралы баян етті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Фильм режиссері  Рүстем Әбдірашев 10 айдың ішінде осындай күрделі тақырыптағы фильмді түсіру оңайға түспегенін айтты. Түсірілім барысындағы естеліктермен бөліскен  фильм продюсері Арман Асенов: «Фильмнің премьерасы Астанадан кейін бірден Қызылордада өтуі дәстүрге айналды. Ал, оның бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар», - деп көрермендерді туындыны тамашалауға шақырды.

Айта кетейік, бұл картина бұған дейінгі «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Теміртау» фильмдерінен құралған «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі болып саналады. Бір жарым сағаттық кинотуындыда болашақ Ұлт көшбасшысының үлкен саясатқа енді араласа бастаған кезеңі суреттеледі. Түсірілім Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Мәскеу қалаларында жүргізілді.

Осындай өнегелі өмір жолын толғаған толымды туындыны Сыр жұртшылығы зор ықыласпен қабылдады.

Хабарламаларға жазылу