Қазақстанның опера әншісі Салтанат Ахметова 29 қараша күні Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясында өткен жас орындаушылардың «Үлкен опера» телевизиялық байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Салтанат Ахметова Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің «Ән айту» бөлімін және Қазақ Ұлттық музыка академиясын «Жеке ән айту» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол Италиядағы вокал өнері академиясында тәжірибеден өтті. 2013 жылдан бері «Астана Опера» театрының опера труппасында стажер солист болып жұмыс істеп жүр.
Қазақстан операсының жас жұлдызы бұған дейін бірнеше рет республикалық байқауда және Бибігүл Төлегенова, Глинка атындағы, сонымен бірге, Италиядағы Villaincanto аталатын халықаралық конкурстарда жеңімпаз атанған. Былтыр ол Германияда Neue Stimmen халықаралық байқауында Klassik-Herbst Forderpreis арнайы жүлдесін жеңіп алды.