Басты Жаңалықтар Скринингтен өту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі

Скринингтен өту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі

Елімізде биылдан бастап жұмыс берушілер мен қызметкерлерге скринингтен өту қажеттігі туралы хабарлама жіберіле бастады. Яғни азаматтың профилактикалық тексеруден өтетін уақыты келгенде, цифрлық жүйе бұл туралы ақпарат береді. Қай жаста қандай скринингтен өту керек және биыл қанша адам қамтылады? Тілшіміз Жандос Бақытұлы түсіндіреді

Жандос Бақытұлы, тілші:

Скрининг барлық адамға бірдей жүргізілмейді. Тексеру түрі азаматтың жасына, жынысына және қауіп факторларына байланысты.
Мәселен, орта жастағы жандар екі жылда бір рет
⁃ артериялық гипертензия,
- жүректің ишемиялық ауруы,
⁃ қант диабеті,
⁃ глаукома және мінез-құлықтық қауіп факторлары бойынша тексерілуі керек.

Әйелдер, сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі жылда бір рет, жатыр мойны обырын анықтау үшін төрт жылда бір рет скинингтен өтеді. Ал 50–76 жастағы жандар колоректалды обырды анықтау мақсатында екі жылда бір рет тексерілсе жеткілікті. Биыл артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтау скринингіне 1 миллион 842 мың адам тіркелген. Ал, қант диабеті бойынша скринингтен 1 миллион 968 мың адам өтуі тиіс. Сүт безі обыры бойынша 1 миллион 319 мың, жатыр мойны обыры бойынша 969 мыңға жуық әйел тексеріледі.

Шалғай елді мекен тұрғындары үшін Қазақстанда 144 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл екінші тоқсанда олар 1 753 елді мекенді аралап, 700 мыңға жуық адамды тексерген. Нәтижесінде 50 мың адамнан түрлі ауру анықталды.

Скринингтің негізгі мақсаты – ауруды асқынған кезде емес, бастапқы кезеңінде анықтау. Ал цифрлық хабарлама жүйесі азаматтарға тексеруден өту уақытын дер кезінде еске салып, хабарлап отырады.

Бөлісу