Ақтөбе облысының Шейітсай елді мекенінде халық батыры Исатай Таймановтың кесенесі тұрғызылды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Айта кетейік, тарихи деректерге сүйенген ғалымдар батырдың сүйегі Шейітсай аталатын жерде жерленген деген тоқтамға келді.
Кесене Атырау облысындағы Исатай ауданы азаматтарының қолдауымен салынған. Биіктігі 10,5 метрді, ені 6 метрді құрайды. Кесене ішінде Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары мен Исатай батырдың бейнесі, сонымен бірге, Махамбет ақынның «Арыстан туған Исатай, Дегеніне жете алмай, Арманда өтіп кетті деп, Қиналсаңыз біздерге, Мың сан рахмет сіздерге!» деген шумақ өлеңі қашалып жазылған.
Кесененің ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев пен Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков, Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Кулов, Исатай батырдың ұрпақтары атынан Ғазиз Шамақов пен Аманғали Құрманов қатысты.