Алматыда сатирик Оспанхан Әубәкіровті еске алу кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сатирик Оспанхан Әубәкіровті еске алу кеші өтеді

25.11.2014
Алматыда сатирик Оспанхан Әубәкіровті еске алу кеші өтеді

27 қараша күні Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» көрнекті қаламгер, күлкі королі Оспанхан Әубәкіровтің туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу кеші өтеді, деп жазады «Алматы ақшамы».

Кешке Рамазан Стамғазиев, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Сүлеймен Ибрагимов, Құдайберген Бекішов және Мұхаммедқұл Смағұлов қатысады деп күтілуде. Шараны  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик Көпен Әмірбек жүргізеді.

Оспанхан Әубәкіровті еске алу кеші сағат 16.00-де басталады. Келем деушілерге есік ашық.

 

Біздің анықтама:

Оспанхан Әубәкіров – 1934 жылы 4 мамырда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының театр факультетін тамамдаған. Өзінің шығармашылық мұратын сатирадан тапқан.

Ол республикалық газеттерде, «Ара» журналында қызмет істеген. Сатиралық жанрмен бірге, балаларға арналған өлең, жыр, ертегі, пьеса, белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазумен, аудармамен де айналысқан. Әзиз Несиннің «Ахиреттен келген хаттары», Бранислав Нушичтің «Менің өмірбаяным», Лао Шэнің «Мысықтар қаласын», Э.Рапкенің «Мюнхаузеннің хикаяларын» қазақ оқырмандарына ұсынған.

1983 жылы балаларға арналған «Қағаз қалпақ» сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілген.

Сурет: zhasorken.kz

Хабарламаларға жазылу