Басты Жаңалықтар 2 есе жұмысқа – екі есе ақы

2 есе жұмысқа – екі есе ақы

Енді еңбек демалысына немесе ауырып емделуге кеткен әріптесінің орнына жұмыс істеген қызметкерге қосымша ақы төленеді. Талапты жұмыс берушілер орындауға міндетті. Өйткені, бұл қызметкерге жүктелген артық жұмыс болып есептеледі. Еңбек Кодексіне енгізілген жаңа норма 8 маусымнан бастап ресми түрде күшіне енді. Сонымен бірге, тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, онда жұмысшыны мәжбүрлей алмайды. Тағы бір маңызды жаңалық - басшылық төленетін соманы өз бетімен бекіте алмайды.

Арайлым Ибраева, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы:

Қосымша ақының көлемі жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы орындалатын жұмысының көлеміне қарай келісім бойынша бекітіледі. Яғни бұл норма жұмыскерлерге әділ ақы төлеу мақсатында өзгертілген. Қосымша ақысыз міндеттей алмайды, яғни бір жақты белгілене алмайды.

Егер басшылық заңды белден басып, ақша төлеуден бас тартса, адвокаттар алдымен кеңсе немесе электронды жүйе арқылы жазбаша өтініш жіберуді ұсынады. Нәтиже болмаса, еңбек инспекциясы мен сотқа жүгінуге қажет. Тек оған дейін әріптесіңіздің міндетін атқарғаныңызды растайтын бұйрықтарды, хаттар мен табельдерді жинап қойған абзал. Төлемді талап еткені үшін жұмыстан шығару немесе қысым көрсету де – заңсыз. Ал еңбек заңын бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салынып, сот арқылы барлық қарызды мәжбүрлі түрде өндіру шаралары қолданылады.

Бөлісу