Басты Жаңалықтар Президенттің атынан отандық үздік БАҚ өкілдері марапатталды

Президенттің атынан отандық үздік БАҚ өкілдері марапатталды

БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматыда Президент атынан бірқатар сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Марапаттарды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды. Олардың қатарында газет-журнал, телевизия, ақпарат саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, кәсібіне адал қызмет еткен ардагерлер мен өз ісінің білікті мамандары бар.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент атынан ақпарат саласының үздіктеріне «Парасат», «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарын, сондай-ақ бірқатар азаматқа Мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады. Солардың ішінде  саналы ғұмырын телевизия саласына арнап, 40 жылға жуық уақыт «Қазақстан» ұлттық арнасында табан аудармай қызмет еткен Зұлхаят Маханова бар. Телеарна ардагеріне «Құрмет» ордені берілді.

Зұлхаят Маханова, «Құрмет» ордені иегері:

Мемлекетіміздің басшысының арқасы. Қазіргі кезде БАҚ қызметкерлеріне осындай көңіл бөліп, барлығының жағдайын жасап, оның үстіне бірнеше жылдан бері БАҚ қызметкерлеріне пәтер беріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіремін.

Үкімет басшысының орынбасары кеше Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерінің еңбектеріне жоғары баға бергенін, Мемлекет ақпарат саласын стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ салтанатты шарада Президенттің қолдауымен кейінгі үш жылда Астана қаласында 200 журналист баспанамен қамтамасыз етілгенін айтты. Ал биыл бұл бастама еліміздің барлық өңірін қамтып, ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер берілмек.

Бағдатхан Мүптекеқызы, «Құрмет» ордені иегері:

Елімізде үлкен өзгерістер жасап жатқан өзіміздің ел Президентімізге Қасым-Жомарт Тоқаевқа көп-көп рахмет. Алғысымыз шексіз. Әлі де Қазақстанның болашағы үшін Президентпен бірге осындай үлкен қадамға еңбек ете береміз деп ойлаймын.

Мемлекет тарапынан ақпарат саласын қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Тұрғын үй бағдарламалары, мемлекеттік сыйлықтар мен гранттар, кәсіби байқаулар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, отандық медианың сапалы дамуына жол ашады. Сонымен қатар шығармашылық ізденісті ынталандыруға бағытталған «Үркер» ұлттық сыйлығы мен «Тұмар» телевизиялық сыйлығының да әрдайым маңызы ерекше.

Бөлісу