«Марко Поло» фильміндегі генерал Аруканың рөлінде – Айдос Бектемір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Марко Поло» фильміндегі генерал Аруканың рөлінде – Айдос Бектемір

05.11.2014
«Марко Поло» фильміндегі генерал Аруканың рөлінде – Айдос Бектемір

Әлемдік киноөндірістің алыбы – Голливуд студиясы таяуда, осы жылдың 12-желтоқсанында, «Марко Поло»  атты жаңа фильмін көрермендер назарына ұсынбақ. Қазақ кино өнерінің барша шынайы жанашыр- жанкүйерлер қауымын селт еткізерлік қуанышты жаңалық сол, осы көпсериялы  жаңа  кинотуындының  басты рөлдерінің бірін  М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актеры – Айдос Бектемір ойнайды. 

  – Айдос аға, Cіздің Голливудқа  түскеніңізден   көпшілік  әлі күнге  бейхабар ғой?

– Балам-ау, «Қазақ – Голливудтің фильміне түсті» дегенге, көзі көрмей кім сенбек?  Жария болмағанның басты себебі – осы. Әрине, Голливуд киносына түсу әркімнің де арманы. Қазақ актерына бұған дейін бұйырмаған бір сыбаға… Негізі, түскендер болды деп естідім. Бірақ, олар – кәсіби актерлер емес, трюк жасайтын каскадерлар болса керек.

   –  Арнайы  шақырту алдыңыз ба, әлде, кастингтен өттіңіз бе?

– Көктем айында  әртістер арасында:  «Голливудтан арнайы топ келіп, кастинг өткізеді екен» деген әңгіме жүрді. Киноға өз басым көп түспегендіктен аса мән де бермедім. Бір күні, ойда жоқта Наташа есімді қыз хабарласып:  «Марко Поло» сериалына әртіс таңдап жатырмыз. Сіздің театрыңыздан актерлар қатысуда. Ертең келіңіз» -деді. Ертесіне  барғанымда,   шетелдік  режиссер мен фотограф қабылдап, суретке түсіріп алды. Фотосынамадан кейін режиссер маған жұдырығын көрсетті. Онысын қалай түсінерімді білмей тосылып қалсам керек, мені шақырған Наташа: «Режиссер Сізді ұнатып жатыр» -деді күліп. Одан кейін де  шақырды.  Іріктеу өтетін бөлмесінде  режиссеры, суретшісі, операторы, тағы да басқалары бар, ұзын саны жиырма шақты адам отыр екен. Мұндай кастингті бірінші  көруім, қатты таңқалдым.  «Қазақфильмде» екі-үш адамның ғана қабылдауынан өтсең, бұлар  тұтас шығармашылық топпен  бірге отырып, актер іріктейді екен. Есіктен ене бергенім сол еді, бәрі орындарынан атып тұрып, өз тілдерінде амандасып жатыр, сасқанымнан «Уағалейкумассалам! Рахмет, рахмет…» деп жатырмын. Шыңғысханның сенімді серігі, генерал Аруканың образына ену керектігін түсіндіріп, қолыма мәтін берді. Өзімді аттың үстінде отырғандай сезініп,  ағылшынша  мәтінді оқып бердім. Бәрі риза болып, қол шапалақтап шығарып салды. Көп ұзамай, Голливуд киносына  түсуге мүмкіндік алғанымды айтты. Сенер-сенбесімді білмей абдырап қалдым.  Алла  бұйыртып, Тәжікстан, Қырғызстан , Өзбекстанның актерлары өтпей қалған Аруканың рөліне қазақ елінен мен өтіп кеттім. Алғашында, түсірілім күзде басталатынын ескерткен.   Алайда, уақыты өзгеріп, жазда Малайзияға ұшып кеттік.

       – Ол жақта қазақ актерін қалай қабылдады және түсіру тобымен тіл табысу қиынға соққан жоқ па? 

– Бұл тарихи фильмге түсуге әлемнің түкпір-түкпірінен, көбінесе, Орта Азия елдерінен әртістер таңдалған екен. Бәрі  де ағылшынша сөйлеп жүрді.  Ал, мен болсам, несін жасырайын, неміс тілінен мектеп деңгейінде ғана дәріс алғаным бар.  Түсірілім кезінде кейіпкерімнің сөздерін кириллицамен жазып жаттадым. Бір-екі эпизодтан кейін, өзіміздің продюсер Ахат Ибраев: «Ау, аға, ағылшыншаны бұрыннан білесіз бе? Сөйлеп жүргендердің өзінен асып түстіңіз ғой» – дегені бар. Алайда, шынын айту керек, қанша жерден сөзді, дикцияны бақылайтын мамандардың көмегі көп болғанымен, айтқандарымның көбісі «күйіп» кетті. Ал,  қабылдау мәселесіне келсек, кино алаңында  қытай да , итальян да , моңғол да жүр, бірақ бөліп-жарып жатқан ешкім жоқ. Бәріне бірдей құрмет көрсетіліп, жағдай жасалған. Ертеңгі күні режиссердың да, продюсердің де, жалпы, ұжымның еңбегін экраннан  көрсететін тек актер еңбегі, оның шеберлігі екенін олар жақсы біледі. Ол жерде бізді  барғаннан қазақшалап айтқанда «алақанға салып» ұстады. Актерларды сыйлау мәдениеті бізден көш  ілгері…   Керемет әсер алғаным соншалық, өзімді басқа әлемге енгендей сезініп жүрдім.

  – Біздің киноөндіріспен салыстырғанда  тағы қандай айырмашылықтарын байқадыңыз?

– Түсірілім алаңының өзі олардың биік деңгейге жеткенін көрсетті. Мысалы, жан-жақтан алты-жеті камера қосылып, бірдей жұмыс істейді. Әркім өз жұмысын өз уақытында орындайды.  Сосын, оларда біздегідей «жүзге», «руға», «жерге»  бөлу деген «аурулар» жоқ. Сен жапонсың ба, қазақсың ба, қытайсың ба…  ол – маңызды емес. Актер ретінде ойының үдеден шығып, шеберлігіңнің «асығы алшысынан түсіп» жатса болғаны. Голливудтың озып кетуінің бір артықшылығы сол ма дедім. Сондай-ақ,   олар күнделікті күйкі тіршіліктен, өздері таңдап түскен  кино өнерін  жоғары қояды. Кино –  өмірлерінің өзегіне айналып кеткен.

auezov-teatr.kz

Хабарламаларға жазылу