«Марко Поло» телехикаясы Қазақстанда түсірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Марко Поло» телехикаясы Қазақстанда түсірілген

30.10.2014
«Марко Поло» телехикаясы Қазақстанда түсірілген

10 бөлімнен тұратын телехикаяны Miramax и Weinstein company киностудияларының негізін салушылар – ағайынды Харви және Боб Вайнштейндер түсірген. Туынды ұзақ жылдар бойы Қытай территориясында тұрған венециялық саяхатшы Марко Поло туралы.

«Бұл – тамаша хикая. Телевизиялық жобалардың ішінде «Марко Полоны» тек «Таққа талас» («Game of Thrones») телехикасымен ғана салыстыруға болады» , - дейді Харви Вайнштейн.

Картинада басты рөлді италиялық Лоренцо Рикельми сомдайды. Ал, оның ғашығының рөлі Қытай актрисасы Жу Жуға бұйырды. Туындының сценариімен Дэвид Петрарка, Алик Сахаров, Хоаким Роннинг және Эспен Сандберг жұмыс істеді, деп хабарлайды forbes.kz.

Нағыз түсірілім Қазақстанда өткендіктен, еліміздің тарапынан желілік продюсер Ахат Ыбыраев пен оның Adigul family films студиясы жұмыс істеді.

«Марко Поло Құбылайханның хандығында 17 жыл тұрған. Оның моңғолдар, түркі тілді халықтар туралы жазбалары көп. Телехикаяның негізгі жұмыстары Орталық Азияда түсірілуі тиіс. Қазақстан – түсірілімге қолайлы жер. Азиялық келбет пен тамаша пейзажды басқа еш жерден таппайсыз», -  дейді   Ахат Ыбыраев.

Картина Қазақстанда 2014 жылдың 12-30 сәуірі аралығында түсірілген. Түсірілім барысында 400-деп астам қазақстандық жұмыс істеген. ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақфильм» телехикаяның түсіріліміне қолғабыс етті.

«Түсірілім алаңына қажеттінің бәрін дайындап бердік. Киіз үйлер, қару-жарақ, атты да – бәрін, бәрін. Ал, киім-кешек пен кейбір қару-жарақты америкалықтар Қытайдан алдыртты», - дейді Ыбыраев.

«Құбылай хан» сериалында 5 мыңға жуық актер ойнайды

Арық бұға

«Марко Поло» туындысына 7 пейзаж таңдалған. Картина Шарын шатқалдарында, Шошанай ауылында түсірілген. Сондай-ақ, Құбылай ханның інісі Арық Бұға ханның ордасы  ретінде Ақсай ауылында түсірілім жұмыстары жүрді.

Картинада Жайдарбек Күнгіжүнов басқарған Nomad каскадерлер тобы да ерекше ықыласпен қызмет еткен. «400 жауынгердің қатысуымен өткен түсірілімді олар жақсы сомдап шықты», - дейді Ахат Ыбыраев.

Айта кетейік, «Марко Поло» желтоқсан айында Солтүстік Америкада, Еуропада және Оңтүстік-шығыс Азияда көрсетіледі. Ал, қазақстандық көрермендер әлемдік тұсаукесерден кейін тамашалай алады.

 

Фото: forbes.kz.

Хабарламаларға жазылу