Қазақстан Марко Поло туралы әлемдік фильм түсіріп жатыр (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Марко Поло туралы әлемдік фильм түсіріп жатыр (ФОТО)

23.05.2016
Қазақстан Марко Поло туралы әлемдік фильм түсіріп жатыр (ФОТО)

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ мәдениеті ғылыми-зерттеу институты атақты саяхатшы Марко Поло туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсіріп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне институттың бас директоры, философия ғылымдарының докторы Андрей Хазбулатов мәлім етті.

Ғылыми-танымдық фильмді барынша мол әрі құнды материалдармен толықтыру үшін Астанаға шетелдік ғалымдар, нақтырақ айтсақ, Италия, Қытай, Ресей елдерінің ғалымдары келіп, «Марко Поло саяхатының мұрасы» атты дөңгелек үстелде ғылыми жаңалықтарын жария етті.

«Дөңгелек үстел халықаралық деңгейдегі шара екенін атап өткен жөн. Италия, Қытай, Ресей елдерінің ғалымдарымен қатар, Марко Полоны зерттеген Қазақстанның барлық ғалымдарын түгел шақырдық. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - саяхатшы туралы ғылыми-танымдың фильмге барынша мол материал жинау»,-дейді А.Хазбулатов.

Жалпы, Марко Поло  кім? Марко Поло - сонау ХІІІ ғасырда өмір сүрген венециялық саудагер. Және де Венециядан Қытайға дейін жол жүріп, әлемнің сан алуандығы туралы кітап жазған Еуропаның алғашқы саяхатшысы да Марко Поло деп саналады.

«Марко Поло  - өте ерекше тұлға. Марко Поло - аңыз адам, өмірде болмаған, ойдан шыққан адам деген мәлімдемелер бар. Қытай тіліндегі жазбаларда Марко Полоның есімі мүлде кездеспейді дейтіндер бар, бірақ, оның аты-жөні қытай тілінде қиын жазылған соң, оның аты өзгеруі мүмкін.  География ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Туризм және география ғылыми-зерттеу институтының директоры Адай Сәкенұлының қолында Марко Полоның Қытайды 17 жыл бойы саяхаттағанын дәлелдейтін құжаттар бар. Егер Марко Поло миф болса, Қытай оның есімінен бренд жасамайтын еді», - дейді бұл мәселеге тоқталған А.Хазбулатов.

Ал, қазақ мәдениеті ғылыми-зерттеу институты Марко Полоның мұрасына неге сонша қызығып, ол туралы әлемдік деңгейде фильм түсіруге неге сонша ынта тудырып отыр, деген сұрағымызға институт директоры: «Фильм  түсірер кезде ғалымдармен бір келіссөзге келіп, осы уақытқа дейін зерттелген материалдарды жинақтай келе, Марко Поло аңыз емес екенін дәлелдегіміз келеді. Және біз үшін ең маңыздысы - оның Орталық Азия жерімен жүріп өткенін әлемге паш ету. Марко Полоның еңбектерінде қымыз бен домбыра туралы тамаша әңгімелер жазылған. Сондықтан, оның Орталық Азияда өткен маршрутын көрсетсек, әсіресе, Қазақстан аумағынан жүргенін көрсетсек, өте қызық болар еді. Біздің болжамымызша, ол Алматы облысының тауларына аяқ тіреген. Оның әкесі мен ағасы дәл осылай жүріп өткенін білеміз. Қазақстан Марко Полоны неге зерттеп жатыр десек, Марко Поло сияқты атақты саяхатшы Қазақстанға да саяхаттағанын әлемге көрсетуіміз керек» деп жауап берді.

«2016 жылы фильмнің бірінші сериясын, 2017 жылы екінші сериясын түсіреміз. Жоба отандық кинематографияны, атап айтқанда, ғылыми-танымдық жанрдағы қазақ киноларын дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда институт фильмді әлемдік прокатқа шығару үшін Санкт-Петербордағы «СевЗапКино» киностудиясымен келісімге қол қойдық, сондай-ақ, Италияның ең ірі телерадиокомпаниясы - «RAI» АҚ-мен келіссөздер жүргізудеміз », - деп мәлім етті А.Хазбулатов.

Хабарламаларға жазылу