Бүгін Алматыда ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, танымал күйші Роза Тайманқызының «Ақ жарма» атты кеші өтеді. Осыған орай күйші «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Мен Маңғыстау облысының Мұрат Өскенбаев атындағы облыстық филармониядан келіп отырмын. Өнер адамы болғандықтан, өнер – халықтыкі. Сол халықты өнермен сусындату – біздің міндет. Өзім Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегімін. Құрманғазы оркестрінде қызмет еттім. Биыл конфсерваторияның 70 жылдығы. Құрманғазы оркестрінің 80 жылдық мерейтойы. Осы тойлардың қарсаңында «Ақ жарма» концертіммен келіп отырмын»,-дейді күйші.
«Кешке ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, өзімнің шәкіртім Айгүл Қосанова, тағы бір шәкіртім Абылай Тілепбергенов, Маңғыстаудың атақты термешісі Амандық Көмеков қатысады. Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетеді»,-дейді Роза Тайманқызы.
«Менің атам да, әкем де күйші. Әкемнің 25-тей күйі бар. Қазір жасы 85-те болса да, домбырасын тастамады. Әлі күнге күй тартады. Әкем мені алты жасымда домбыраға үйретті. Біздің үйде күнде кешкісін мереке болатын еді. Күнде күй тартылады».
Күйшінің орындауындағы «Маңғыстау – менің қонысым» күйін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.