«Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауы басталды

21.10.2014
«Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауы басталды

Бүгін Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде «Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауы басталды.

Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең үздік деп танылған 89 әдіскер қатысуда. Екі күнге созылатын байқау барысында олар өз шеберліктерін сынайтын болады. Байқауды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы ұйымдастыруда.

«Біздің бірнеше айға созылған байқауымыздың мәресі осы екі күн ішінде шешіледі, деп ойлаймын. Әрине, оқушының тәрбиесі, мектептегі білім сапасы - ол бірінші кезекте мұғалімдерге байланысты. Ал осы мұғалімдерге дәнекер болатын оқу әдістемелерін одан әрі жалғастырып, дамытып, жаңа технологияларды ұстаздар арасында жариялап, олардың біліктілігін арттырып отыратындар біздің әдіскерлер. Сондықтан елімізде білім сапасын арттыруда әдіскерлердің рөлі өте зор», - деді «Өрлеу» қоғамы басқармасының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнас Ахметова.

Айта кетелік, «Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауының басты мақсаты - әдістемелік жұмысты ұйымдастырудағы барлық деңгейдегі әдіскерлердің үздік тәжірибесін айқындау, қолдау, кәсіби шығармашылығын ынталандыру және білім беру жүйесінде әдіскерлердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, сондай-ақ, мәртебесін көтеру.

«Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауының жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу