ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Гүлнар Дәукенова «Таңшолпанда» қонақта болып, шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөлісті.
Көрермен «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз» әндері арқылы танитын әнші былтыр дүйім жұрттың басын қосып, жеке шығармашылық кешін өткізген еді. Осы кеште Қазақ авторлық қоғамының лауреаты атанған өнер иесі бұл турасында: «Мен үшін былтырғы жыл өте табысты өтті. Әр шығармашылық адамына өзінің авторлық кешін беруі – үлкен абырой. Менің бұл кешіме қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары келді. Қазақ авторлық қоғамында 2 мыңға тарта автор бар. Соның арасынан лауреат атанғаным мен үшін үлкен қуаныш»,-дейді.
«Мен талай жыл Құрманғазы атындағы оркестрде қызмет еттім. Мен бұл ұжымды – өзімнің академиям деп санаймын. Себебі, талай дүлдүлдермен, дирижерлермен жұмыс істеген, үш мыңға тарта репертуарды бойыма сіңірген ұжым»,-дейді әнші.
«Қазақтың бұлбұлы Мәдина Ерәлиева менің үш әнімді орындады. Олар «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз» және «Шыңдағы шынарым-ай» әндері. Қазір бұл әндерге сұраныс әлі де көп. Үшінші, төртінші ұрпақ орындап жатыр. Бұл – әннің құдыреті болар»,-дейді Гүлнар Дәукенова.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.