21 – 23 қазан аралығында Алматы қаласы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде «Үздік жыл әдіскері» Республикалық байқауы өтеді, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты.
«Үздік жыл әдіскері» Республикалық байқауының мақсаты – әдістемелік жұмысты ұйымдастырудағы барлық деңгейдегі әдіскерлердің үздік тәжірибесін айқындап, қолдау, кәсіби шығармашылығын ынталандыру және білім беру жүйесінде әдіскерлердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру.
Байқау үш кезеңде өткізілуде: аудандық, облыстық, республикалық. Республикалық байқау ІІ турдан тұрады: І тур сырттай, ІІ тур «Үздік жыл әдіскері» Республикалық байқауының ережесіне сәйкес өтеді.
Аудандық және облыстық кезеңдерде байқауға 531 білім беру ұйымдарынан 1364 әдіскер қатысып, үздіктердің үздігі болған 89 әдіскер республикалық кезеңде өз шеберліктерін сынауға мүмкіндік алып отыр.
«Үздік жыл әдіскері» Республикалық байқауының жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, грамота және І диплом иесі ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Байқау қорытындысында І, ІІ, ІІІ жүлделі орындармен қатар «Көшбасшы-әдіскер», «Жаңашыл-әдіскер», «Креативті әдіскер», «Шебер-әдіскер», «Ең жас әдіскер» номинацияларының иегерлері анықталады. Байқауды ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.