Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды

26.09.2014
Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды

Танымал жазушы, қазақ мәдениеті мен өнерінің зерттеушісі, кинодраматург, күйші  Таласбек Әсемқұлов 60 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Таласбек Әсемқұлов - 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол станциясында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогика институты филология факультетін тәмамдаған. Проза, сценарий жазу өнерімен педагогикалық институтта оқып жүрген студент кезінен айналысқан. 

1980-1983 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкері, 1984-1987 жылдары  республикалық «Жазушы» баспасында әдеби редактор болды.

1987-1998 жылдарда Құрманғазы атындағы  Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, 1998-2006 жылдары  республикалық «Жұлдыз» әдеби журналы сын бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және «Талтүс» романы жарық көрген.

«Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ, республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.

1973 жылы «Байжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» антологиясына 20-дан астам, 2009 жылы шыққан «Қазақтың мың күйі»  антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» атты CD-дискі шықты.

Т.Әсемқұлов «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «Мәдениет» телеарнасы мен Қазақ радиосы, «Шалқар» ұлттық арнасында қонақта болып, қазақтың дәстүр-салты мен мәдениеті, өнері туралы танымдық маңызы зор сұхбаттар берген.

Хабарламаларға жазылу