«Алма отаны» және «Халықаралық ғарыш станциясы» монеталары халықаралық байқауда жеңімпаз атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алма отаны» және «Халықаралық ғарыш станциясы» монеталары халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

23.09.2014
«Алма отаны» және «Халықаралық ғарыш станциясы» монеталары халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Қазақстандық «Алма отаны» және «Халықаралық ғарыш станциясы» монеталары Мәскеуде өткен cегізінші «Монета жұлдыздары-2014» ескерткіш монеталардың халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. 

«Алма отаны» монетасы «Кәдесыйлық монета» номинациясында бірінші орын алып, 2014 жылдың ең үздік кәдесыйлық монетасы болып танылды, ал «Халықаралық ғарыш станциясы» монетасы «Бірегей технология» номинациясында жүлделі үшінші орынды иеленді.

«Қазылар алқасының таңдау жасауы қиын болды, себебі байқауға 31 елдің 2013 жылғы 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығында шығарылған шамамен 260 ескерткіш монетасы және 25 монеталар сериясы қатысты. Айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Алма отаны» коллекциялық күміс монетасы үшін бұл - осындай беделді конкурстарда алған екінші үлкен жеңіс», - делінген хабарламада.

«Алма отаны» монетасы айналысқа 2013 жылғы 13 қарашада шығарылды. Осыдан үш ай бұрын 11-17 мамыр аралығында Мехико қаласында (Мексика) 28-ші Монета сарайлары директорларының конференциясы шеңберінде өткен ескерткіш монеталардың халықаралық байқауында да монета «2014 жылдың ең әдемі күміс монетасы» номинациясында бас жүлде алған болатын.

Ал «Халықаралық ғарыш станциясы» монетасы айналысқа 2013 жылғы 18 қазанда көпмақсатты ғарышты зерттеу кешені ретінде пайдаланылатын ұшқыш басқаратын орбиталық станция - Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) құрметіне шығарылған болатын. ХҒС - бірлескен халықаралық жоба, оған 15 ел (әліпби ретімен): АҚШ, Бельгия, Бразилия, Германия, Дания, Жапония, Испания, Италия, Канада, Нидерланд, Норвегия, Ресей, Франция, Швейцария, Швеция қатысады.

Монетаның ішкі дискісі танталдан, сыртқы сақинасы күмістен жасалған. Монеталарды дайындау кезінде алғаш рет танталдың түсін өзгерту технологиясы қолданылды.

 

Хабарламаларға жазылу