1971 жылы КСРО чемпионатында «Үздік жаңа есім» атағына Сейілдә Байшақов қолжеткізген еді. Қазақ футболшылары Еуропа елдерінің жасыл алаңдарында да ойнады. 1976 жылы алматылық шабуылшы Александр Хапсалис «Жылдың үздік ойыншысы» атағын алды. Ал Құралбек Ордабаевтың есімі сізге таныс па?
Даңқты «Динамоның» шабыулшысы Олег Блохин талай доп соққанымен «Қайратқа» қашан гол салғанын есіне түсіре алмапты. Ал, Блохин ойнаған 70-ші жылдары «Қайраттың» қақпасын күзеткен Құралбек Ордабаев еді.
Алматының Орталық стадионында «Қайраттың» қарқынды ойынын көруге келетін көрерменде есеп болмайтын. Аладоп тепкен әр бала Тимур Сегізбаев пен Құралбек Ордабаевтай болуды армандайтын.
«Құралбек Ордабаевты футболға алып келген сол кездегі Спорт министрі Қаркен Ахметұлы еді. Алғашында Құралбек Шымкенттің «Металлург» командасында ойнап, көзге түседі. Өзбекстаннан келген ағайындар оны өздеріне шақырады. Алайда, әкесі Досжан ұлын Өзбекстанға жібермейді.
Кейін Алматыдан Сайлаубек Есімбеков келіп, Құралбек Ордабаевты «Қайратқа» шақырады. Әкесі ұлын Шымкенттен Алматыға жіберуге де келіспейді. «Балам әлі жас, буыны қатсын, сосын барады», дейді. Осыдан кейін Қаркен Ахметұлы ұшақпен арнайы ұшып келген соң ғана Досжан ақсақал: «Министр басыңмен өзің келдің ғой. Барсын, тек бір шартым бар.
Балам осы жерде үйленіп бірақ кетсін. Әйтпесе, Алматыда қызық көп. Жас бала соған еріп кетуі мүмкін», деп келісімін береді. Спорт министрі қазақтың қарапайым ғана баласын өзі іздеп келеді. Бұл – адамгершіліктің белгісі»,- дейді журналист Қыдырбек Рысбек.
Қақпа кілтін бірден қолына алған Құралбек әлемді таңғалдырмаса да, одақ деңгейіндегі үздік қақпашылардың біріне айналды. Менмін деген мергендердің мысын басты. Әсіресе, 11 метрлік айып добын қайтарудан одан асқан шебер жоқ-ты. Бір футбол маусымында 16 пенальти қайтарған да осы Құралбек болатын.
«Әр ойын сайын Орталық стадионға кемінде 25 мыңдай адам жиналатын. Олардың арасында туыстарың, достарың бар. Кейін көшеде көріп қалса да, олардың алдында ұялмайтындай болу үшін барынша тырысатын едік»,-дейді ардагер футболшы Құралбек Ордабаев.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.