Саят Мерекеұлы: «Өнерді сүймесең, өнерге беріл­месең, өнер де сенен теріс айналады» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саят Мерекеұлы: «Өнерді сүймесең, өнерге беріл­месең, өнер де сенен теріс айналады»

26.08.2014
Саят Мерекеұлы: «Өнерді сүймесең, өнерге беріл­месең, өнер де сенен теріс айналады»

Ұлттық арна эфирінен беріле бастаған отандық «Қара шаңырақ» туындысында ағайындылардың әкеcін сомдайтын танымал театр және кино актері Саят Мерекеұлы өзіне тапсырылған талай кейіпкерді абыройлы алып шыққан талант.

Ал «Қара шаңырақ» туындысы турасында ол бүгін қазақтың тілінің, дінінің, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің барлығы, ағайынның бір-біріне деген қарым-қатынастары – осы туындыда көрініс табатынын  айтады.

Актер бір сөзінде «Актерлік – Алла берген сый, әкенің қаны, ана­ның сүтімен даритын ерекше қасиет. Мәскеуде оқып жүргенімде ұстазым: «Адамның бойында да­рын болмаса, елу жыл оқытсаң да ештеңе өн­бейді», – дейтін. Шікірейіп киім киіп, үсті-басыңды қанша алтындасаң да, актерлік қабілетің болмаса, бәрі бекер. Өнерді сүймесең, өнерге беріл­месең, өнер де сенен теріс айналады», дейді.

Саят Мерекеұлының сахнаға деген құштарлығы бала кезі­нен басталған. Ол сол арманды былайша еске алады: «Бірде Кировке театр келіп, ойын қой­ды. Ауылдың балаларына ілесіп мен де бардым. Ойынды көліктің қорабында отырып тамашаладым. Сахна төрінде – таудың көрінісі. Бас­ты рөлді ойнаған жігіттің үстіңгі төрт қасқа тісі темірмен қапталған екен. Сөйлегенде жарыққа ша­ғы­лысып, жалт-жұлт етеді. Осындай актер бол­сам-ау, деген арман оты тұтанып, өнерге деген сүйіс­пеншілік жүрегіме ұя салды».

 Мектеп қабырға­сын­ан-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өлең айтып, сырнайда ойнайтын жас актер болуға бар ынтасымен беріледі.  Алайда,  әкесі қарсы болып: «Тұқым­да жоқ нәрсені қайдан шығардың, балам. Өзім сияқты ұстаз бол. Бала оқыт», дегенді айтады. Сонда да арманына адал жас, айтқанынан қайтпайды. Кейін ата-анасының, ауылдастарының батасын алып, жолға аттанады.

Актердің алғашқы ойнаған қойылымы – «Боз төбеде бір қыз бар» туындысы. Ол «Жү­сіпбек Аймауытов, Абай, Қарабай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты образдарды сомдау - маңдайыма жа­зылған бақыт деп білемін...»,-дейді.

Біздің анықтама:

Саят Мерекеұлы - 1951 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген.

1978 жылы Мәскеудің Щепкин атындағы Театр училищесін кино және драма актері мамандығы бойынша бітірген.

1987 жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда еңбек етіп келеді.

Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдегері.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері (2010).

Сахнадағы негізгі рөлдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Абайында»  Абай, Тәкежан  (реж. Ә.Мәмбетов),  Оразбай  (реж.Е.Обаев), «Еңлік-Кебегінде» Қараменде (реж. Х.Әмір-Темір), «Қарагөзінде» Сырым (реж.Ж.Есенбеков), Дәулеткелді, Жарылғап, Тойсары (реж. Б.Атабаев), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қарабай (реж.Ә.Мәмбетов),

Шахимарденнің «Томирисіндегі» Парсы патшасы Кир (реж. Т.әл-Тарази), С.Торайғыровтың «Қамар сұлуындағы» Нұрым, (реж. Ә.Рахимов), Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Жомарт (реж. Б.Атабаев), Ә.Таразидің «Алатау сынды алыбымда» Ж.Жабаев (реж.Қ.Сүгірбеков) және тағы да басқа рөлдерді сомдаған.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда - Шекспирдің «Кориоланында» Коминий (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. Ә.Мәмбетов), «Юлий Цезарінде» Публий, Варрон  (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. Қ.Жетпісбаев), Ш.Айтматовтың «Ана-Жеранасында» Жекшенқұл, Председатель, Қасым, (реж. Ә.Мәмбетов), «Ғасырдан да ұзақкүнінде» ревизор, Еділбай (ауд. Ш.Мұртаза, реж.Ә.Мәмбетов) рөлдерді сомдаған.

Кинорөлдері:

«Махаббат бекеті» – мектеп директоры (реж. Т.Теменов), «Сардар» – Хангелді (реж. Б.Қалымбетов, 2002),  «Біржан сал» – Нұржан (реж. Д.Жолжақсынов, 2009), «Репортаж из камеры» – Судья (реж. Т.Теменов), «Махаббат жағалауы» – Әке (реж. М.Бидосов), «Қарой» – Ауыл тұрғыны,

«Ауылым-әнім» – Жанкүйер (С.Құрманбеков), «Бақсы» – Авторитет (реж. Г.Омарова), «Прыжок Афалины» – Әке (реж. Э.Оразбаев), «Махамбет» – Шаруа (реж. С.Тәуекелов), «Байқоңыр» – Ауыл басы (реж. Ф.Хельмер),

«Астана жүрегімменің» – Әке (реж. Е.Кончаловский), «Мың бала» – Болатхан (реж. А.Сатаев), «Қарсы тексеру» – Қария (реж. Д.Қожахан), «Алдар көсе» – Сақмырбай (реж. Д. Махаметдинов) т.б.

Еске сала кетейік, «Қара шаңырақ» телехикаясының алғашқы бөлімін мына жерден тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу