«Астана EXPO-2017» көрмесін ұйымдастыру аясында Кеден одағы шекарасынан өткізілетін шетелдік тауарларға арнайы кеден рәсімі енгізіледі, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Еуразия экономикалық кеңесі комиссиясының 10-шы отырысында тауар категориясының тізіміне бірқатар өзгеріс енгізілген. Бұл арқылы Кеден одағы шекарасынан өтетін және «Астана EXPO-2017» көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге арналған шетелдік тауарлар арнайы кедендік рәсімнен өтеді. Олар кедендік баж салығын төлемейді. Сонымен қатар, тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
Шешімді қабылдаудың басты мақсаты - жоба шығындарын арзандату.
Бұл тауарлар арнайы кеден рәсімінен кейін «EXPO-2017» мамандандырылған көрмесі аяқталғаннан соң, 6 айдан аспайтын мезгілде алынады. Сонымен қатар, тауарларды коммерциялық мақсатта қолдануға жол берілмейді.